Өмірлік қиын жағдайға түскен балаларды қолдау орталығына орналастыру мерзімі қысқармақ
Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталықтарына орналастыру мерзімі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Оқу-ағарту министрінің бұйрығында көрсетілген.
«Кәмелетке толмағандар кәмелетке толғанға дейін, отбасына тәрбиелеуге орналастыру мүмкін болмаған жағдайда оларға көмек көрсету және оларды одан әрі орналастыру мәселелерін шешу үшін 3 айдан аспайтын мерзімде өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығында болады», – делінген жаңа редакцияда.
Айта кетейік, қолданыстағы талап бойынша қиын жағдайға түскен балалар 6 айға дейін қолдау орталықтарына болатын еді. Сонымен қатар, жаңа өзгеріске сай, енді баланы мұндай орындарға қабылдау алдында оның денсаулық жағдайы мен психикалық жай-күйіне бастапқы медициналық тексеру жүргізіледі.
«Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығына алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі кәмелетке толмағандар, сондай-ақ психикалық, мінез-құлқының бұзылу ауруларының айқын белгілері бар кәмелетке толмағандар орналастырылмайды», – деп жазылған бұйрықтың өзгертілген нұсқасында.
Қолданыстағы заңнаманың талабында мұндай норма жоқ.
Бұйрық 31 қаңтарға дейін көпшілік талқылауда болады.