Жолаушылар пойызы неге кешігеді?
Пойыздың кешігуіне әртүрлі факторлар әсер етеді. Пойыздар бірнеше сағатқа кешігіп, кейде мүлде келмей қалады. Мысалы, жаз мезгілінде пойыздардың кешігуіне магистральдық желіде жүргізілетін техникалық жұмыстар себеп болады.
Қазақстандықтар бүкіл ел бойынша пойыздардың кешігуіне шағымданып жатыр. 17 қарашада Қарағанды облысында 14 жүк вагоны рельстен шығып кеткен соң жолаушылардың пойыздың кешіккеніне деген шағымы тіпті үдеді.
Қазір пойыздар жарты сағаттан тоғыз сағатқа дейін кешігіп келеді, деп хабарлады 31 арна.
Кейбір жағдайларда пойыз қозғалысына мал кедергі келтіреді. Қыс мезгілінде жолаушылардың қауіпсіздігі үшін барлық рельстердің сапасын тексеру жұмысы жүргізіледі, бұл пойыз қозғалысына да кедергі келтіреді. Одан бөлек басқа да – теміржолдағы апаттар немесе пойыз жолаушыларына жедел жәрдем шақыру әсер етеді.
“Жолаушылар тасымалы” АҚ басқарма төрағасы Жәнібек Жұмаұлы Тайжанов жолаушылар пойызы әдетте не үшін кешігетінін былай деп түсіндірді:
“Жолаушылар пойызының кешігуінің негізгі себептерінің бірі – теміржол жолдарын жөндеу мәселесі. Ауа райының себептері пойыздың кешігуіне айтарлықтай әсер етпейді”, – дейді Жәнібек Жұмаұлы.
Егер пойыздың жүретін бағыты тоқтатылса жол ақысы қайтарылады. “Тальго” пойызына билет алып, бірақ стандартты пойызға мінген жолаушыларға жол ақысының айырмашылығы төленеді.
Айта кетейік, жаз мезгілінде жолаушылар пойызы төрт рет кешіккен. Оның екеуінде жолаушылар пойызына жедел жәрдем шақырылған. Бірінде Маңғыстау теміржол бөлімінде пойыз мотоциклді қағып кеткен.