Келесі жылы 4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 1 оңалту орталығы ашылады
2023 жылы елімізде 11 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК), 4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және бір оңалту орталығы ашылады. Олар балаларға әлеуметтік медициналық-педагогикалық қолдау көрсетуге аса қажеттілік байқалатын өңірлерде іске қосылады.
Бүгінгі күні елімізде 89 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 208 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 13 оңалту орталығы жұмыс істейді.
«Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылға дейін ПМПК желісін 50 000 балаға шаққанда 1 ПМПК есебінен 125-ке дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. ПМПК және түзету кабинеттерінің саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өткім келеді. Қарағанды, Ақтау, Шымкент қалаларында, Маңғыстау және Алматы облыстарында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар ашылды. Түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарының саны да артып келеді. Соңғы екі жылда 13 түзету кабинеті ашылды. Яғни балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту айтарлықтай кеңейіп жатыр. Бұл балалар мүгедектігінің алдын алуға және азайтуға ықпал етеді», – деді Оқу-ағарту министрлігі Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Кудеринова.
Сонымен қатар елімізде арнайы білім беретін ұйымдардың саны да өсті. Балалар жылында елімізде Тараз, Орал және Қарағанды қалаларында аутизммен ауыратын балаларға арналған үш қолдау орталығы ашылды.