34 қарағандылық – марапат иегері
Қарағандыда Республика күніне орай салтанатты жиын өтіп, онда аймақтың дамуына үлес қосқан бірқатар қарағандылыққа мемлекеттік наградалар тапсырылды. Марапатты Мемлекет басшысының атынан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек табыс етті. Салтанатты құттықтау сөзбен ашқан облыс әкімі ең әуелі аға буынға ақжарма тілегін білдірді. Олардың тәуелсіздік тұғырын нығайтудағы өлшеусіз еңбегіне тоқталды.
Еліміздің өркендеу жолындағы өңірдің әрбір тұрғынының үлесін мақтанышпен және асқан құрметпен атап өткім келеді. Әсіресе, ардагерлер қауымына шексіз ризашылығымды білдіремін. Өз ісіне адалдықтың үлгісін көрсеткен сіздерге бас иемін, – деді Жеңіс Қасымбек.
Ел Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, достық пен ынтымақтастықты нығайтқаны үшін Қарағанды облысының 34 тұрғыны марапатталды. Оларға «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалі, сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы табысталды. Марапатталғандардың қатарында жұмысшылар, кәсіпорын-ұйым басшылары, дәрігерлер, спортшылар және өзге саланың да өкілдері бар.
Бұл – менің ғана емес, барлық әріптестерімнің еңбегін бағалау деп білемін. Біз, аға буын өкілдері үшін Республика күні – Қазақстан Республикасы халқының бірлігі мен келісімінің нышаны, – дейді «Ерен еңбегі үшін» медалі иегері, Осакаров ауданының еңбек ардагері «Рябина» ҚБ төрағасы Владимир Кошевец.
Сонымен қатар салтанатты жиында хирург-онколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қани Мұсұлманбековке, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Рымбала Омарбековаға, Қарағанды облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Анатолий Степаненкоға «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.