Толстой күнделігі
Адамның бір аты – күрескер. Шын күрескер ғана жеңіске жете алмақ. Үнемі өз-өзіңе есеп беру, өзіңді сын тезіне алу, өзіңді жауапқа тартып тергеу, мұның бәрі нағыз күрескердің ісі. Мұнсыз өмір ұйығына жұтылу оңай. Жеке ізденіс бойынша ұғынған дүние осы: ішіңдегі күресті тоқтату – өмірді тоқтатумен бірдей.
Толстойдың алып құпиясы – ол өмір бойы өзімен күресіп, парасат майданында алысып өтті. Бірде ағынан жарылып, Құдайға деген сенім ғана жанына тыныштық таптыратынын айтса, бірде «Сенен өзге жанашырым жоқ екен ғой, шешетайым!» деп күйзеліп, күңіренеді. Оның жан әлемі бейне бір үздіксіз соғыс алаңы іспетті. Ол ешқашан бейтарап қала алмайды. Әрқашан санасында жаңа құрлықтарды ашып, жанартаудай сілкініп, жаңғырып отырады. Бұл процестердің бәрін жазушының шығармаларымен бірге күнделіктерінен де көреміз. Тіпті күнделіктерінен анығырақ байқаймыз. Ақылдың алыбы әр күні өзгеше ой түйеді, бөгде құбылыстарды сезінеді. Күнделік жазбасында: «Ең үлкен адасушылық – адамдарды біржақты бағалау. Оларды мейірімді немесе ашуланшақ, ақымақ, ақылды деген ой қалыптастыру. Адам ағыс секілді ағып отырады, онда бұл қасиеттің барлығы да кездеседі. Кейде ақымақ, кейде ақылды, кейде ашуланшақ, кейде мейірімді болады немесе керісінше. Бұл – адамның ұлылығы. Сіз оны біржақты бағаладыңыз делік, ал ол қазір мүлде өзгерген, өзге адам!» дейді. Иә, Толстой пайымы ойға қалдырады, жаңаша көзқарасқа үндейді. Адам жайлы аңыз, адам жайлы сара сөз бәрінен құнды, бәрінен нәзік, бәрінен аяулы дүние. Достаевский тілімен айтсақ «Адамда үлкен жұмбақ бар. Оны шешу керек. Осы жұмбақты шешуге бүкіл ғұмырыңды арнасаң да, мұны бос өткен уақытқа балай көрме. Мен осы жұмбақты шешумен айналысамын, өйткені адам болғым келеді». Күнделіктегі мына бір үзіндіге назар салалық. «Таңертеңмен басыма маңызды әрі тұщымды ойлар келді. Енді соларды ұмыт қалдырғандай алаңдау үстіндемін. Еске түсіріп көрейін: Адам өзін танымағанша өлі не тірі екенін білмейді, өйткені ол әлі тірі емес. Тірі адам ретінде танымын сезінген шақта өзін сұрақтың астына ала бастайды. Неге ғұмыр кешіп жүр? Жауабын іздеуге көшеді. Бір жауаптың пұшпағына жеткенше жаны тыныштық таппақ емес». Шынында, өзін зерделемеген жан өлі-тірі екенін қайдан білсін? Жер беті көгалдануы үшін жауын суы керек болғаны секілді, адам жанын өсіру үшін ғылым керек. Онсыз мәнсіздік шеңбері уысына алар, түнек қойнауы түбіне тартар.
Толстой күнделігі бір сарындылықтан аулақ. Жазушы кейде аспандап, кейде құйындай бұрқанып, кейде құмырсқадан әлсіз күйге түседі. Бірде әлдебір рухани еріншек пенделер үшін азап шегеді. «Кеше Янжулда болдым. Одан өлім жайлы не ойлайтынын, баянсыздық немесе баянды ғұмыр жайлы сұрадым. Ол сиыр секілді түк те түсіне алмайды! Мұндай жандар қаншама! Ал сен онымен сөйлесе отырып қынжыласың, ол сенімен келіспейді де. Осындай жандармен байланыс орнату өте қиын, не жаның қаламаса, не ұнатпасаң, қалай сүймексің, нені талап етесің?.. Қарым-қатынасты олар өздері шешеді. Рухани дүниесі күңгірт. Олармен әрқашан тап бір сырласыңдай құрметпен араласасың. Бұл өзіңе ауыр, кейде келеке етеді… Шыдау қажет. Олардың қашан оянатынын білмейсің. Бәлкім, қазір-ақ сенің сөзің оятар?..» Түк те түсінбеген танысын сиырға теңегені қызық-ақ, бәлкім, сол тұста замандасы Махатма Гандиге ренжіп қалған болар. Ары қарай оқиық: «Адам баласының дүниеде жалғыз ғана жолы бар. Бірақ ақылы оянып, сана-сезімі өз әрекетін игерген шақта жол екіге айырылады. Не бойындағы жануарлық күш ақылға бағынады, не ақыл жануарлық күшке қызмет етеді. Ақыл жануарлық табиғатқа айналса, қызықтың бәрі сонда болмақ. Егер ақылға жеңдірсе, ол адам дүниенің бос селтеңіне бой алдырмайды, саналы түрде жалғыз жол ашып, сол жолға бет алады». Толстойдың дүниеде адамның жалғыз ғана жолы бар деуі ой саларлық. Шынында, жоғарыдан, одан да жоғарыдан мөлшерлей қарасақ, жолдың көп емес екенін көреміз. Алайда адам қолымен жасалған жасанды жолдар миллиондаған дербес сананы шатастырып, әрі-сәрі халге душар етуде. Толстой қаламынан қоғамдық мәселелер тыс қалмайды. Біз сезінген, түйсінген өнер жайлы пікірді данышпан әлдеқашан күнделік бетіне түсіріпті. «Ойын ойнау үшін қарын тоқ болу қажеттілігі түсінікті. Қоғамның әр мүшесі қарны ашпаған кезде ғана өнерге ден қоя алады. Егер қоғам мүшелері тоқ болмаса, нағыз өнер өркен жаймақ емес. Салғырт өнер – кескінсіз, аш қоғамдағы өнер – дөрекілеу, өкінішті…» Немесе мына бір жолдарға үңіліп көрелік: «Адам өзіне жақын тақырып жайлы әңгіме қозғағанда, тыңдаушының өзіндей емес екенін ұмыт қалдырады. Егер адамдар өзін шынайы алаңдатқан немесе
рухани дүниені сөз етпесе, міндетті түрде жеке басы жайлы көп сөзділікке ұрынады.
Әлбетте, бұл өте көңілсіз». Меніңше, күнделік – тұлғаның жалғыздықтағы досы. Сырласы, андасы іспетті. Өйткені күнделіктегі сөздерді тұлға басқа ешкімге айта алмауы мүмкін. Жазушы күнделігінің басым бөлігі – шашылып түскен тіркестер. Олар әртүрлі. Қысқа демесеңіз, мағынасы сулы мақтадай ауыр. «Егер әркім өз үйінің есік алдын сыпырар болса, бүкіл көше тазаланар еді», «ұнатқанымның бәрі қолыма түсе бермейді, бірақ қолымдағының бәрін ұнатамын», «әлем қайғы-қасірет жұтқандарға құрмет көрсете алатын адамдар арқылы ғана алға жылжиды», «шынайы ақиқат – өте қарапайым», «мәселе көп білуде емес, ең маңыздысын білуде».