Несие шартын өзгерту үшін не істеу керек?
Жылдың алғашқы жартысында ел азаматтарынан қаржы ұйымдарына қатысты 16 мың арыз-шағым түскен. Арнайы талдау мен мониторинг көрсеткендей, келіп түскен шағымның 70 пайыздан астамы банк секторына бағытталған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, банк секторына байланысты шағымдар саны 11 мыңнан асады және бұл 2021 жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 1,7 есе көп.
«2021 жылы банк секторы бойынша 33 мыңнан астам арыз түсті. Қарыз алушылардың көбі негізінен өз займдарын қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру бойынша хабарласады. Сондай-ақ қаржы секторы бойынша нормативтік құқықтық актілерді түсіндіруге қатысты да сұрақ қоятындар баршылық. Бұл цифрларға қарап ел тұрғындарының бәрінің бірдей өздерінің қаржылық мүмкіндігі мен тәуекелін бағалай алмағанын байқаймыз. Кредит қанша жерден қолайлы қаржы құралы болса да, оны дұрыс пайдалануды және займ алу кезінде мұқият мән беруді қалыптастыру керек. Несие алмас бұрын өз кірісіңізді, тәуекеліңізді бағалаған жөн. Ал несие келісімшартын оқу кезінде оның әрбір тармағы мен бөліміне мән беріп, қажет болған жағдайда қосымша кеңес алу қажет. Өйткені несиенің кез келген түрі – үлкен жауапкершілік», дейді агенттік өкілі Александр Терентьев.
Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында агенттік заңнамаға бірқатар түзету енгізді және өткен жылдың қазан айынан бастап несиелік ұйымдардың төлем қабілетінсіз қарыз алушы – жеке тұлғалардың қарыздарын реттеудің бірыңғай тәртібі жұмыс істей бастады. Яғни банктер мен микроқаржы ұйымдары мерзімі өткен берешек туралы қарыз алушыны берешек басталған күннен кейін 20 күн ішінде хабардар етуге міндетті. Хабарландыру ішінде мына жайттар айтылуға тиіс:
1) Туындаған кешіктірудің нақты сомасын көрсете отырып, төлемдерді жүзеге асыру қажеттілігі туралы;
2) Қарыз алушы – жеке тұлғаның кредиторға хабарласуы;
3) Несиелер мен микрокредиттер бойынша өз міндеттемелерін орындамаудың салдары туралы.
«Егер сіз займ бойынша өз міндеттемеңізді орындай алмайтын болсаңыз, онда банк немесе МҚҰ ұйымына хабарласуыңыз керек. Кредитордан қашуға болмайды. Тығырықтан шығып кету – сіздің ғана емес, кредитордың да мүддесі. Сондықтан қарызды шешу бойынша шаралар неғұрлым тез қабылданса, соғұрлым қарызды өтеудің өзара қолайлы нұсқасы тезірек табылады», деді А.Терентьев.
Агенттік мәліметі бойынша, 2022 жылдың басынан бері қаржы ұйымдары жасалған келісімшарттардың шарттарын өзгерту бойынша 68 мыңнан астам қарыз алушы хабарласқан. Олардың қарыз мөлшері 123,5 млрд теңгені құраған. Шағымдарды қарастыру нәтижесінде 40 мыңдай жеке тұлғаның өтініштері қабылданған. Өзге шағымдар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Дереккөз: egemen.kz