Белсендірілген көмір брендке айналмақ
Елімізде жылына 1 мың тонна белсендірілген көмір өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. Кәсіпорын Қарағанды қаласында орналасқан.
Зауыт «Шұбаркөл көмір» компаниясы коксхимиялық цехының базасында жұмыс істей бастады. Кәсіпорын жылына 1 мың тоннаға дейін өнім шығарады және абсорбент импортын ішінара өтейтін болады. Атап өтерлігі, өндірістің ТМД аумағында баламасы жоқ.
«Шұбаркөл көмірде» өндірісті әртараптандырудың бірінші кезеңі 2006 жылы спецкокс өндіретін зауытты іске қосудан басталды. Арнайы кокстың ұнтақтарынан белсендірілген көмір алу – әртараптандырудың екінші кезеңі. Біз қосымша құны көмір құнынан екі есе жоғары өнім шығаратын боламыз. Мұндай жоғары технологиялық өндірісті іске қосу бүгінде өзекті екі міндетті қатар атқаруға септеседі. Біріншісі – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы декарбонизациялау аясында әртараптандырылған технологиялық экономика құру, екіншісі – көмір кәсіпорнын қайта құру, – дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ президенті Рустам Ибрагимов.
«Шұбаркөл көмірдің» коксохимиялық цехының базасында спецкокстың ұнтақтарынан белсендірілген көмірдің тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісін құру идеясын Шұбаркөл мамандары ойлап тапқан. Олар бұл жобаны ERG инноваторларының I форумында қорғап, жеңімпаз атанған болатын.
– Әрі қарай идея ERG-дің ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының, Шұбаркөл көмір мамандарымен және бірнеше елдің ғалымдарымен бірлесе пысықталды. Осылайша, Шұбаркөл көміріне арналған жоғары технологиялық және сұранысқа ие өнім шығаруға мүмкіндік беретін бірегей технологияны әзірлеп, енгіздік, – дейді ERG-дің ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының басқарма төрағасы Сергей Опанасенко.
Жобаның басты міндеті – импортты алмастыру. Белсендірілген көмірдің қолданыс ауқымы өте кең. Гидрометаллургия, алтын өндіру, фосфат өнеркәсібі, суды тазарту секілді бағыттарда қолданылады. Оған қажеттілік жоғары болғандықтан (жылына 7 мың тоннадан астам), белсендірілген көмірдің барлығы Қазақстанға шетелден жеткізіліп келді. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты кәсіпорынның одан әрі дамуы жағдайында ұлғайтылуы мүмкін.
Кокс-химия өндірісі қызметінің жетекшісі Сабыржан Иманбаевтың айтуынша, Шұбаркөл белсендірілген көмірінің негізгі артықшылығы – шикізат ретінде арзан кокс ұнтақтарын және қазіргі уақытта жағылып жатқан энергия тасымалдаушы ретінде кокс газын пайдалануда жатыр. Оның өзіндік құны да төмен. Бұл өндіріс қалдықтарын кәдеге жаратудың өте маңызды проблемасын шешуге септеседі. Сонымен қатар осы технология бойынша алынған белсендірілген көмірдің құны негізгі бәсекелестерге қарағанда 1,5-3 есе төмен болмақ.
Белсендірілген көмірдің үлгілері барлық қажетті зертханалық сынақтан өтіпті. Жобаны сәтті енгізу кәсіпорында жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанда отандық өндірушілер шығаратын өнім үлесін арттыруға мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, еліміздегі барланған көмір қоры шамамен 34 млрд тоннаға тең. Өткен жылы еліміздің көмір өндіруші компаниялары 111,7 млн тонна көмір өндірді. Көмірді қайта өңдеу арқылы 400-ден астам түрлі өнім алуға болады. Олардың құны көмірдің құнынан 20-25 есе жоғары. Әзірге Қазақстанда көмір өндірісінің жалпы көлемінде көмірден алынатын өнімнің үлесі шамамен 3 пайызды құрайды. Елімізде көмір-химиялық өнімдердің кейбір түрлері шығарылатынын атап өткен ләзім. Олар – арнайы кокс, көмір шайыры және май, кокс газы, нафталин, пек, еріткіш, аммоний сульфаты. 2020 жылы «Шұбаркөл көмірде» белсендірілген көмірдің алғашқы сынақ партиясы алынды.
egemen.kz(https://egemen.kz/article/316198-belsendirilgen-komir-brendke-aynalmaq)