Шопинг кезінде сатушылардың қулығына түсіп қалмас үшін…
Қаншалықты жиі жеңілдіктер кезінде көптеген қажет емес киімдерді сатып алып, сыйлыққа берілетін қандай да бір ұсақ-түйек үшін артық өнім аласыз?! Артық шығындалуға мәжбүрлейтін сатушылардың қулықтарына қалай түсіп қалмауға болады?
1-қулық: Жаппай жеңілдікпен сату
Sale сөзін көре сала, ол затты тегін беріп жатқандай қараймыз. Сондықтан қалай да уақыт тауып, жаппай жеңілдікпен сатылым жариялаған дүкенге барып, біраз киім алып алуды ойлаймыз. Барлығын арзан санаймыз және оларды алмасқа болмайтындай көрінеді. Алайда, мұндай күйде алынған киімдерді кейін тек бір рет немесе тіптен, мүлдем кимейсіз.
Не істеу керек? Қажет кезде сізді тоқтата алатын құрбыңызды алып шығыңыз. Мысалы, ол киімнің сапасы онша емес болса немесе жараспай тұрса, сізге ашығын айтсын.
2-қулық: Кассада орналасқан тауарлар
Әдетте, кассаның қасында аксессуарлар, косметика және басқа ұсақ-түйектер тұрады. Ал бағалары болса, қолжетімді болады. Кассаның қасында ұзақ тұрсаңыз, солардың ішінен бірдеңе алғыңыз келіп кетеді. Ұзақ ойланып, ол затты біресе алып, біресе кейін қайта қойып, нәтижесінде сатып аласыз.
Не істеу керек? Ол заттардың неліктен кассаның жанында тұрғанын есіңізге түсіріңіз. Одан да ол бағаға басқа дүкеннен шынымен қажет зат аламын деп өзіңізге сөз беріңіз.
3-қулық: Атақтыларда бар киім
Сатушылар киім киіп қарап жатсаңыз, ол киімнің қандай да бір атақтыда да барын, содан ол қазір трендке айналғанын айтып қызықтырады. Ол сізге жараспай тұрса да немесе бағасы қолжетімсіз болса да, қалай алғаныңызды білмей қаласыз.
Не істеу керек? Барлық трендтің артынан қуу мүмкін емесін түсініңіз. Даралық пен стиль жайлы атақты сәнқойлардың дәйексөздерін оқыңыз.
4-қулық: Шопингке арналған үлкен кәрзеңке
Дүкендердің кіре берісінде шопингке арналған үлкен кәрзеңкелер тұрады. Гардеробыңызды толықтай ауыстыру ойыңызда болмаса да, дүкенге сондай кәрзеңкені алып кірсеңіз, оны толтырмай қоймайсыз. Бұл әдіс азық-түлік дүкендерінде де қолданылады: бір нан алуға келіп, оннан тамаққа толы кәрзеңкемен шығасыз.
Не істеу керек? Кәрзеңкені алмаңыз. Киіп көргіңіз келетін киімдерді қолыңызға ұстаңыз. Қолыңыз тала бастағанда киім өлшейтін бөлмеге бармасқа амалыңыз болмайды.
5-қулық: 999
Осындай тоғыздар адамды шатастырып жібереді. 999 теңгені неліктен 1000 теңге деп жаза салмайды деп ойланған боларсыз? Әрине, бұл маркетингтік әдіс. Себебі біз бағаның тек алғашқы сандарын қабылдаймыз. Бағаның басында 6 емес, 5 тұрса, ол бізге қолжетімдірек көрінеді.
Не істеу керек? Ақшаны дұрыс санаңыз. Тоғыздарды көргенде, оны бірден дөңгелетіп есептеңіз. Мысалы, 3999 теңге деп тұрса, оны 4000 деп алыңыз.