«7-20-25» бағдарламасының келешегі не болады – Ұлттық банк түсіндірді
Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасының келешегі туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды inform.kz.
«7-20-25» бағдарламасының нақты аяқталу мерзімі жоқ. Бұл бағдарлама бойынша ипотекалық қарыз беру 1 триллион теңге сомасындағы қаржыландырудың индикативтік көлеміне жеткенге дейін жалғасады. Осыған байланысты бағдарламаны аяқтаудың нақты мерзімі туралы айту мүмкін емес. Ал 2022 жылы бағдарламаны аяқтау мүмкіндігі туралы ақпарат негізінен халық тарапынан сұранысты бағалауға және өткен жылдардағы қаражатты игеру қарқынына негізделген. Игерілмеген қаражаттың қалдығы азаматтардың едәуір санын жеңілдетілген несие берумен қамтуға мүмкіндік береді», – делінген ҚазАқпарат тілшісінің ресми сауалына жолданған жауапта.
Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 10 наурыздағы жағдай бойынша, «7-20-25» бағдарламасы арқылы 1,26 трлн теңгеге 97 мыңнан астам өтінім қабылданған.
Оның ішінде 488,5 млрд теңгеге 39 мыңнан астам қарыз берілген.
Қазір таңда бағдарлама 9 екінші деңгейдегі банк арқылы іске асырылып отыр.
Олар: «Bank RBK» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «First Heartland Jusan Bank» АҚ, «Fortebank» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕҰ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ.
Ұлттық банк мамандары бүгінде «Баспана хит» ипотекалық бағдарламасы аяқталғанын еске салды.
Бұл бағдарлама бойынша 609,7 млрд теңгеге 64,6 мың қарыз берілген.