Хабар

Әуезов соңғы хатында бүкіл қазаққа аманат айтып кеткендей еді – Мұрат Әуез

Бүгін қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толды. Осы айтулы күнге орай ғұлама қаламгердің ұлы – жазушы, мәдениеттанушы, белгілі шығыстанушы Мұрат Әуездің әкесі туралы бір үзік естелігін ұсынамыз.

***
Меніңше, біз бір нәрсені есте сақтауымыз керек. Алаш арыстарының арасында ынтымақ мықты болған. Менің шешем Фатиманы, оның тағдырын түсіну үшін Алаш азаматтарының ортасын түсініп, сол өлшеммен қарауымыз керек. Өйткені олар бірінің артынан бірі репрессияға ұшырап, кетіп жатты. Сондықтан бір-бірінің бала-шағасына қамқор болуды ұлттық, азаматтық парыз деп санаған. Біләл Сүлеевтен туған Фарида ертерек қайтыс болды. Жәнібек ағамыз соғыста үлкен ерлікпен қаза тапты. Ол кездері біздің әкейдің өзінің де жағдайы мәз емес еді. Үнемі аңду мен айыптаудың ортасында жүрді. Соған қарамастан Фатима шешеміздің Ілиястан туған балалары Азат, Үміт, Ильфа, Болатқа және маған барынша қамқор болуға тырысты. Тіпті 1949 жылы Мұхтар Әуезов Ілиястың (Жансүгіров –ред) ақталмағанына қарамастан, сталиндік репрессияның әлі де ушығып тұрған тұсында «халық жауының» отбасын Меркіден көшіріп әкеліп, Алматыдан үй сатып алып берді. Оның басты ниеті Біләл мен Ілияс балаларының және өзінің Мұратының көз алдында болып, білім мен өнерге талпынуына мүмкіндік жасау болды.

Әкем мені бірінші сыныпқа өзі жетектеп апарды. 1949 жыл болатын. Ол кезде қалада екі-ақ қазақ мектебі болды. Мәншүк Мәметова мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы №18 мектепке бардық. Оған бір де бір қазақ зиялысы баласын бермейтін. «Ұлтшылсың» деген айыптан қорқып, бәрі орыс мектебіне беретін. Бұл мектепте сол маңда тұратын ұйғыр балалары немесе шалғайдан келіп, интернатта тұратын ауыл балалары оқитын. Төрт құбыласы түгел қала зиялыларының отбасылары балаларын ондай мектепке жолатқан да жоқ.

1961 жылы әкеміз Мәскеуде Кунцево ауруханасына түсті. Үлкен қауіп бар-ау деген ойында да жоқ. Менің Мәскеуде Шығыстану факультетінде оқып жүрген кезім. Күнде әкеме барып тұрамын. Өзі таксиге ақша беріп, күнде келіп тұруымды тапсырған. Ол барған сайын хат жазып қояды. Семейде Кәмен Оразалин деген досы бар, Балташ дейтін ақсақал болатын. Сол кісілерге де хат жолдады.

«Осы кісілер қарсы алады, әкеңнің туып-өскен жерін көріп қайт», – деді бірде. Маусымның 27-сі күні ота жасалды. Сол отадан оянбады. Сонда М.Әуезовтің өз қолымен ең соңғы жазғаны сол Кәмен Оразалинге жолдаған хаты екен. Оны оқысаңыздар, тек Мұратқа емес, әр қазаққа аманат сияқты. «Еліңді біл, барып жағдайын көр» деген өсиет жатыр. Ол кезде елдің жағдайы қалай еді? Ядролық сынақтар болып жатыр, тағы басқа проблемалар баршылық. Соның бәрін мен көріп, қасымдағы ақсақалдардан естігенімді жазып алуым керек еді. Сол жазып алғанымды өзіне оқып беруім керек болған. Жоспары сондай болған еді. Дәл сол кезде ауылға шығатын мүмкіндік болған жоқ. Бірақ жылдығына жеткізбей ол өсиетті орындадық. Тіпті «Жас тұлпар» неден басталды десеңіз, ол да «Артта еліміз бар, соның жағдайын білуіміз керек» деген ойдан басталған еді.

Мен астрофизикаға әуес болдым. Химиядан да үлгерімім жақсы болатын. Атақты физик-химик Михаил Усманович пен жұлдыздарды зерттеген ұлы ғалым, академик Гавриил Тихов екеуімен де әкем дос болған. Екеуімен де сөйлесіп, мені химия мен астрофизиканың біреуіне барады деп келісіп қойыпты. Астрофизика ғылымы ол кезде танымал болатын. Бірақ соңғы шешімді өзіме қалдырды.

«Есейдің ғой, өзің ойланып көрші, кім болғың келеді?», – деп сұрады бір күні. Ойлана келіп, өзімнің кім болғым келетінін түсіндім. Барып, гуманитарлық саланы таңдайтынымды айттым. Ол күліп алды да, мынадай кеңес айтты.

«Жай гуманитар таяз сумен тең. Ал нағыз гуманитар болу дегеніміз – мұхиттай терең шексіздікке ұмтылу» деп айтқаны есімде. Оған келіскен соң араб тілін үйренсең деген талап қойды. Өйткені арғы тегіміз қожалар екенін өмірбаянында талай жазған. Сондықтан ондай талап қоюы заңдылық еді. Бірақ араб тіліне түсу үшін ағылшын тілін білу керек екен. Ал мен мектепте неміс тілін оқығанмын. Неміс тілімен қай саланы таңдауға болады дегенде, қытайтану шықты. Ол кісі оған да қуанып қалды. «Ол ұлы халық және қытай тілінде қазақтың тарихына байланысты көптеген деректер бар» – деді. Соның бәрін санама құйып отыратын.

Бірде достарының ортасында отырып, «Ұлым екеуміз Гегель туралы сөйлесіп жүрміз» деп қалды. Негізінде, мен Гегельді енді оқып бастаған болатынмын. Ал бұл әрекетінің ар жағында «Сен Гегельді, соның деңгейіндегі үлкен философияны меңгеруің керек деген» нұсқау жатыр еді. Сол шақта әкеммен жиі сұхбат құратынбыз. Оның менің білім-ғылымға деген көзқарасыма, қорытқан пайымыма көңілі толатынын байқайтынмын. Сол кездер менің өмірімдегі ең бақытты кезеңдердің бірі болған екен. Сондай бақытты күндер 1961 жылы 27 маусымда, ойламаған жерден үзілді. Мен онда 18-де едім.

Қазір қарап отырсам, екеуміздің арамыздағы терең байланыс енді-енді басталып келе жатқанда үзіліпті. Бұл да мен үшін өмірдің бір сынағы болған шығар. «Әкеңнің ақылымен біраз жақсы дүние жасадың. Енді өзің байқап көрші» деді ме екен деген ойлар келеді кейде. 18-ге жаңа толған мен енді әріптес, пікірлес достар іздей бастадым. Сол достармен бірге адасқан жоқпыз деп ойлаймын. «Қазағым» деп ұрандап шықтық, «Жас тұлпар» болып, өркениет бәйгесіне қосылдық.

Мұрат Әуез, 2018 жыл

Дереккөз: inform.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button