Хабар

ҰБТ-2022: Ереже бұзған түлектерден босаған гранттар кімдерге беріледі?

ҰБТ электронды форматқа ауысқалы бері, тест сұрақтарын айналып өту амалдары да өзгерген.

Биыл үш абитуриент ҰБТ-дан 139 балл алды. Алайда, олардың тест тапсыру кезінде ереже бұзғаны анықталып, үшеуінің де нәтижесі жойылған. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев айтып берді.

Орталық директоры ҰБТ бейнежазбаларын тексеру әлі жалғасып жатқанын атап өтті.

“Түлектердің қолындағы сертификат жыл соңына дейін жарамды. Сәйкесінше, олардың сертификаты жарамды кезде біз де нәтижелерін жоюға құқылымыз. Бұл өте үлкен жұмыс. Биыл түлектер 276 мың рет тест тапсырды. Біз бірінші кезекте өте күдікті нәтижелерді, бұрынғысынан 40-50 баллдан артық жинаған нәтижелерді қараймыз”, – деді Руслан Емелбаев.

Орталық директорының айтуынша, ҰБТ электронды форматқа ауысқалы бері, тест сұрақтарын айналып өту амалдары да өзгерген.

“Шпаргалка, телефон, смартфон кіргізу өткен шақта қалды. Қазір цифрлық форматқа көшті деуге болады. ҰБТ нәтижесі жойылған 153 тестіленушінің негізгі кінәсі – үшінші адамдардың тест жүйесіне араласуы. Яғни, оларға компьютер арқылы көмек берілген. Бұның бәрі анықталды. Бейнежазбаларды тек біз ғана емес, ақпараттық қауіпсіздік мамандары да қарап жатыр. Бұл ереже бұзушылықтар цифрлық іздердің арқасында анықталды. Тестіленушілердің сертификаты жарамсыз деп танылып, гранттан айырылады”, – деді Руслан Емелбаев.

Орталық басшысы босаған гранттар республикалық комиссияның шешімімен басқа абитуриенттерге берілетінін айтты. Ол абитуриенттер қазір ақылы бөлімде оқып жатқан болса, бірден грантқа ауыстырылады.

Ал гранттар айырылған абитуриенттердің қолында қаңтар немесе наурыз ҰБТ-сындағы сертификаты болса, ақылы түрде оқуын жалғастыра алады. Ал аталған екі ҰБТ-ға қатыспаған болса, ЖОО-лар оларды шартты түрде 1-курстың ақылы бөліміне қабылдайды. Бірақ абитуриенттер жыл басында ақылы ҰБТ тапсырып, шекті балл жинауы керек. Сонда оқуын ары қарай ақылы түрде жалғастыра алады.

informburo.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button