Үндістанның тарихындағы екінші әйел президент
Үндістанда 18 шілдеде өткен президент сайлауының нәтижесі жарияланды. Оның қорытындысы бойынша жаңа президент қызметіне Драупади Мурму тағайындалды. 64 пайыз дауыс жинаған Драупади Мурму өзінің бәсекелесі біріккен оппозиция өкілі Яшвант Синхадан үстем түсті.
Бұл туралы Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди өзінің Twitter парақшасында: «Шығыс Үндістанның шалғай бөлігінде туған, тайпалық қауымнан шыққан Үндістанның қызы біздің Президент болып сайланды», деген жазбамен бөлісті.
Үндістанда президент жалпы халықтық сайлау арқылы таңдалмайды. Ел парламентінің жоғарғы және төменгі палаталарының депутаттары, сондай-ақ 28 штат пен екі одақтық аумақтың заң шығарушы өкілдері, шамамен 4 896 адамды қамтитын сайлау округі сайлайды. Осылайша, Драупади Мурму 25 шілде күні ант беріп, ресми түрде Үндістанның ХV президенті болып сайланды.
«Тәуелсiздiктiң 75 жылдығында маған осы қызметке келу бақыты бұйырды. Бізге, тәуелсіз Үндістан азаматтарына азаттық жолындағы күрескерлеріміздің үмітін ақтау үшін күш-жігерді арттыруға тура келеді», деді Мурму ант қабылдау рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Әлемнің түкпір-түкпірінен мемлекет басшылары Үндістанның жаңа президенті Мурмуны құттықтап арнайы хаттар жолдап жатыр. Мурму – Үндістан тарихында екінші әйел президент. Сондай-ақ әлеуметтік сатыда төмен тұрған тайпалардан шыққан алғашқы мемлекет басшысы.
1958 жылы Одиша штатындағы Майурбхандж ауданының Байдапоси ауылында дүниеге келген Мурмудың Үндістан тәуелсіздігін алғаннан кейін туған алғашқы президент болғанын да ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар ол – 2015-2021 жылдар аралығында Джаркханд губернаторы қызметін атқарған алғашқы әйел.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Пратибха Патиль Үндістанның 60 жылдық тарихында 2007 жылы президент болып сайланды. Ол 2012 жылға дейін ел басқарып, алғашқы әйел президент ретінде тарихта қалды.
Үндістан президентін ел парламенті екі палатасының мүшелері мен барлық штаттардың заң шығарушы мүшелерінен тұратын сайлаушылар алқасы бесжылдық мерзімге сайлайды. Сайлау пропорционалды өкілдік жүйесіне сәйкес жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі. Бұдан алдыңғы президент Рам Натх Ковинд 2017 жылы сайланып, бесжылдық қызметін толықтай атқарған.
Жалпы, Үндістанда Президенттің елдегі ұстанымы негізінен символдық сипатқа ие. Үндістан конституциясына сәйкес, елдегі атқарушы билік премьер-министрдің қолында, бірақ президент федералды және аймақтық деңгейде үкіметтердің құрылуына әсер ете алады.
Ендігі кезекте Үндістанның жаңа премьер-министрі сайланбақ. Сайлау тамыз айында өтеді деп жоспарланып
отыр.