ҚТЖ анықтама қызметіне ұялы телефоннан қоңырау шалу енді тегін болады
Бұған дейін “1433” анықтама нөміріне ұялы телефоннан қоңырау шалу ақысы минутына 25 теңге болатын.
2023 жылдан бастап “Қазақстан темір жолы” АҚ қолдау қызметіне қоңырау шалу тегін, деп мәлімдеді ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов.
“Қазір клиентке қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 2023 жылдан бастап “1433” анықтама нөміріне үй және ұялы телефоннан қоңырау шалу тегін болады”, – деді Әлихан Смайылов.
Бұған дейін бұл қызметті ұялы телефон арқылы минутына 25 теңге төлеп алуға болатын еді. Ал үй телефондарынан қоңырау шалу бұрыннан-ақ тегін.
Еске салайық, Парламент сенатының депутаттары премьер-министрге сауал жолдап, “Қазақстан темір жолы” АҚ-дағы бірқатар мәселені көтерген еді.
“Ақылы анықтама қызметінің сапасы сын көтермейді. Өйткені байланыс орталығына қоңырау шалу үшін ұзақ уақыт пен жүйке қажет. Бұл компанияның клиентке қызмет көрсетуге бағдарланбағанының белгісі. Теміржол тасымалының әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы мен транзиттік әлеуетін ескере отырып “Қазақстан темір жолы” АҚ түбегейлі реформаларды қажет етеді”, – делінген сауалда.
Мұнымен қатар, депутаттар мәселелерді тиімді шешу үшін басшылық лауазымдарға теміржол саласының мамандарын тағайындауды; кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру саясатын түбегейлі өзгертуді ұсынды.