Хабар

Қозғалыссыз өмір күйзеліске ұшыратады

Қазір адамдар күйзеліске бейім келеді. Бұның бірден-бір себебі дене қозғалысының болмауы. Сент-Луистегі Вашингтон университетінің зерттеушілері дене мен ми арасындағы нақты байланысты тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.

19 сәуірде Nature журналында адам бойындағы кейбір түсініксіз құбылыстарды түсінуге көмектесетін зерттеу мақала жарияланды. Мәселен, неге адамдар мазасызданғанда алға-артқа жүре береді, неге тамақ жеу күйзелісті жеңілдетеді, неге салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар өмірге позитивті қарайды? Зерттеушілер бұның барлығы дене мен мидың байланысына қатысты дейді.

«Медитация жасайтын адамдар тыныс алу жаттығуларын жасап, денесін тыныштандырады. Сол арқылы адамның ойы да тынышталады. Яғни осы функцияны атқаратын дене мен миды байланыстыратын, ішкі күй мен қозғалысты басқаратын жүйе бар. Біз соны анықтадық», дейді мақала авторларының бірі М.Гордон.

Медицина ғылымдарының докторлары, неврология кафедрасының доценттері, дене мен ақыл арасындағы байланыс туралы философиялық сұрақтарға жауап беруді мақсат еткен жоқпыз дейді. Олар миды бейнелеудің заманауи әдістерін қолдана отырып, қозғалысты басқаратын ми аймақтарының бұрыннан жасалған картасын тексеруді көздеген. Зерттеу барысында дене белсенділігінің қозғаушы күш ретіндегі әсерін анықтады.

Қазір қаладағы халықтың көбі кеңседе отырып жұмыс істейді. Ал жұмыстан кейін жаттығу жасап, бой жазатындар сирек. Бұның барлығы миға тікелей әсер етіп, адамды енжар, бойкүйез етіп жібереді.

«Сондықтан адам өмір сапасын жақсарту үшін, күйзеліске жиі ұшырамас үшін дене қозғалысы маңызды рөл атқарады», дейді ғалымдар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button