Қажылыққа барарда алаяқтарға ұрынып қалмаңыз: маңызды кеңестер
Таяуда қажылыққа жолдама алған 100-ге жуық отандасымыз сан соғып қалғаны туралы хабар тарады. Қасиетті жерге сапар шегіп, мұсалмандық парызын өтегісі келгендердің саны артып жатыр. Дегенмен, қарапайым халық жолдама алар алдында не нәрсеге көңіл бөлу керегін білмей жатады. Қажылыққа алатын жолдаманың басқаларынан еш айырмашылығы жоқ. Тіпті Сауд Арабиясына бару үшін де виза алуда мәселе туындамайды. Туристер қажылық сапарға жолдама аларда не білуі керегін түсіндіріп көрейік.
Ең алдымен, туроператорды таңдап, тексеру маңызды. Өзіңізді нағыз “тергеуші” сезініп, ақпаратты жан-жақты қарастырғаныңыз абзал. Ең кемі 10 туристік фирманы таңдап, әрбіріне қоңырау шалып, мына сауалдарды қойыңыз:
Жолдамада қандай бағыттар қарастырылған?
Қонақүй брондалған ба?
Виза және басқа да керек құжаттар рәсімделген бе?
Туристер сапарға қандай көлікпен және қалай барады?
Билеттер екі жаққа да алынған ба?
Медициналық сақтандыру рәсімделе ме?
Әуежайдан трансфер және жолдама мерзімі аяқталған кезде кері тасымалдау бола ма?
Қандай қосымша қызметтер ұсынылады?
Әуежайда күтіп алып, шығарып салатын адам бола ма?
Әңгімелесу барысында менеджердің сөйлеу мәнеріне аса назар аударыңыз. Сұрақтарыңызға берген жауабы нақты әрі түсінікті, сенімді болуы шарт. Кейін міндетті түрде кездесіп, турфирмамен келісімшартқа қол қояр кезде оны толықтай оқып шығыңыз.
Туристік фирманың қанша жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, басқа елдерде өкілдіктері бар-жоғын және тағы басқа нақтылау артық болмайды.
Компанияның әлеуметтік желілердегі белсенділігін тексеріп, басқалардың пікірін оқуды ұмытпаңыз.
Көп сұрақ қоюдан қысылмаңыз, себебі сіздің жүгінгеніңіз “бір күндік” фирма емес екеніне көз жеткізуіңіз өте маңызды.
ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітовтің айтуынша, бүгінгі таңда умраны әр туроператор немесе турагент, ҚМДБ қатысуынсыз өз қалауы бойынша ұйымдастыра алады.
“Себебі Сауд Арабиясы әлемнің елуден аса еліне 1 жылдық туристік виза рәсімдеуге рұқсат берген. Виза 1 жылға беріледі. Бірнеше рет кіріп-шығу мүмкіндігі бар. Бір кіргенде 3 айға дейін қалуға болатыны секілді артықшылықтары бар”, – делінген ҚМДБ сайтындағы мәліметте.
Қазақстанда туристерді қорғайтын “Туристік Қамқор” корпоративтік қоры бар. Оның міндеттеріне туроператорлардың адалдығын тексеру кіреді.
Туроператорлар бұл қорға банктік кепілдіктер беріп, форс-мажор жағдайы туындағанда қолданылатын қаражат аударады. Ұйым арнайы тізім жүргізеді. Сондықтан, ұсынылған жолдамалар туралы білгеннен кейін, туроператордың атауын туристік фирманың тізімінен тексеру керек. Тізімде болса, жолдамаға қатысты толық ақпарат шығады. Егер компания тізімде болмаса, бұл туристік фирмаға жоламағаныңыз жөн.
Егер турфирма өз міндеттерін дұрыс орындамаса, яғни алаяқтық дерегі болған жағдайда не істеу керек? Бұл жағдайда заңгер Думан Көпбаевтың кеңестеріне жүгінсеңіз болады:
1. 10 күн ішінде ақшаны қайтаруды талап етіп, туристік фирмаға шағым жазу керек. Осы мерзім аяқталғаннан кейін сіз полицияға немесе экономикалық қылмыстарды тергеу қызметіне алаяқтық жайлы арыз жазасыз.
2. Алаяқтық дерегі туралы мәлімдемеде сіз болған оқиғаны мүмкіндігінше егжей-тегжейлі сипаттайсыз. Қаншалықты мәліметтерді еске түсірсеңіз – қашан, кім және қандай жағдайда – алаяқтарды жауапкершілікке тарту оңайырақ болады. Сіз өтінішті бір данада жазасыз. Оны тапсырғаннан кейін Сізге өтінішті қабылдау туралы құқық қорғау органдары есеп талонын береді. Арыз берілген уақыттан бастап тергеу амалдары басталады.
3. Қылмысты анықтауға көмектесетін құжаттарды дайындауыңыз керек: Whatsapp-та хат алмасу, картаға ақша аударуды растайтын скриншоттар, келісімшарттар және туристік агенттіктен алынған басқа құжаттар. Жиналған құжаттар құқық қорғау органдарына беріледі.
Есіңізде болсын, алаяқтарды жауапкершілікке тарту үшін сіз шыдамды болуыңыз керек. Өтініш бергеннен кейін құжаттарды рәсімдеу үшін полиция бөліміне тағы бірнеше рет келу міндетті. Бұл қылмыскерлерді табу үшін қажет. Сонымен қатар, тергеу әрқашан ұзаққа созылатынын ұмытпаңыз.
Осындай ережелерге сүйене отырып, өз уақытыңыз бен ақшаңызды үнемдеп, сенімді жолдамамен демаласыз.
Дереккөз: Massaget.kz