Қазақстандықтар қандай басылымдарды көбірек оқиды?
Газет-журналдарға жазылу ауылдарда көп тіркелген. Жазылудың жалпы көлеміндегі оның үлесі – 71%.
Республикалық газеттердің үздік бестігіне “Егемен Қазақстан”, “Казахстанская правда”, “Полиция KZ”, “Қазақстан теміржолшысы” және “Ұйғыр авази” басылымдары кірді. Аймақтық көшбасшылар арасында “Жетісу”, “Ақтөбе”, “Оңтүстік Қазақстан”, “Аq Jol”, “Орталық Қазақстан” газеттері бар.
“Қазпошта” АҚ мәліметінше, ел бойынша барлығы 170 республикалық және 543 аймақтық газет жазылым бойынша таратылады. Жазылудың жалпы көлеміндегі республикалық басылымдардың үлесі 44%, өңірлік басылымдардың үлесі 54% құрады. Тираждың 2%-ы халықаралық мерзімді басылымдарға тиесілі. Сондай-ақ, қазақстандықтар “Қазпошта” АҚ арқылы еліміздің және Ресей, Беларусь, Украина мемлекеттерінің 3 мыңнан астам газет-журналдарына жазылу мүмкіндігіне ие.
Газеттер мен журналдарға жазылу ауылдарда көп тіркелген. Жазылудың жалпы көлемінде оның үлесі 71% құрайды. Ауыл тұрғындары облыстық, қалалық және аудандық басылымдарға жазылғанды (жалпы тираждың 58%-ы) жөн көреді. Жазылу бойынша Қазақстанның өңірлері арасында Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.
“2020 жылдың қорытындысы бойынша жазылудың жалпы көлемі 90,3 млн дананы құрады. Биылғы жылдың екінші жартыжылдығына жазылу 5 сәуір күні басталды. Жыл соңында көрсеткіштер 25-30% өседі, бірақ тұтастай алғанда өткен жылдың көрсеткішінен аспайды. Біз электронды басылымдарға көшу – жалпы әлемдік тренд екенін түсінеміз. Оны қазақстандық статистика да растайды”, – деді “Қазпошта” АҚ “Пошталық сервис” филиалы директоры Нұржан Жабаев.
Республикалық және аймақтық басылымдарға 25 маусымға дейін, шетелдік газет-журналға 10 маусымға дейін жазылуға мүмкіндік бар.