Хабар

Қазақстанда 2 медициналық пойыздың жұмысы қайта жанданды

Биыл еліміздің 10 өңірінде 64 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен екі медициналық пойыздың жұмысы қайта жанданды. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.

«Биыл практикалық денсаулық сақтау қажеттілігіне сәйкес, өңірлерге 2981 жас маман, оның ішінде ауылға 797 адам бағытталды. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп тұрақты негізде мамандардың келу мониторингін жүзеге асырады. Ал жергілікті органдар келген жас мамандарды тұрақтандыру бағытында тиісті қадамдарды іске асыруы қажет», – деді А. Ғиният ауылдағы денсаулық сақтау мәселесін талқалуға арналған Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық қызметтерді жеткізу мақсатында көлік медицинасы дамыған. Медициналық көмек және консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсететін 149 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істеп жатыр.

«Биыл еліміздің 10 өңірінде (Атырау, Ақтөбе, Алматы, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Маңғыстау облыстары) 64 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен екі «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жұмысы қайта жанданды. Медициналық авиацияны ауыл тұрғындарын тасымалдайтын және шұғыл көмек көрсететін 33 әуе кемесі (20 ұшақ және 13 тікұшақ) жүзеге асырады. Ауылда жедел медициналық көмек көрсету үшін 595 бригада жұмыс істейді, осы бағытта 1,5 млн шақыртуға қызмет көрсетілді», – деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ауылдағы кадрлық қамтамасыз етуге талдау жіргізіліп, 1 700-ден астам медицина қызметкерінің, оның ішінде 1000-нан астам дәрігердің тапшылығы анықталды.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button