Қару-жарақ тапсырғандарға 306 мыңға дейін өтемақы төленеді
Тапанша мен револьвер үшін 122 мың теңге беріледі.
Азаматтарға қандай қару тапсырғанына қарай 30 мыңнан 306 мыңға дейін (10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін) өтемақы төленеді. Өтемақының көлемін әр облыс, қала және аудан полиция органдарынан құралған комиссиялар белгілейді, деп мәлімдеді ІІМ әкімшілік полиция комитеті қару айналымын бақылау бөлімінің басшысы Асылбек Ыдырысов.
“Мысалы, автомат ойық қару тапсырған азаматқа 306 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді. Ал ойық ұңғылы мылтық пен карбиндер үшін осы соманың жартысы төленеді. Тапанша мен револьвер үшін 122 мың теңгеге дейін, тегіс ұңғылы мылтық үшін 91 мың теңге өтемақы төленуі мүмкін”, – деді Асылбек Ыдырысов.
Бөлім басшысы өтемақының 1 ай ішінде төленетінін айтты.
Комиссия қаруды үш санатқа бөліп, 1-санаттағы қару үшін төлем ұсынылатын құнының 100 пайызын, 2-санатқа 70 пайызын, 3-санатқа 30 пайызын құрайды.
“Қару-жарақтар көп жағдайда мұраға қалады, тауып алады немесе тіркеу бойынша шектеу енгізгенге дейін сатып алған болуы мүмкін. Мысалы, 1974 жылға дейін малшыларға жыртқыштардан қорғану үшін қару есепсіз таратылған”, – деді бөлім басшысы.
Ал жиналған қарулар бөлшектенеді немесе өнеркәсіп кәсіпорындарында балқытылады. Сондай-ақ ішінде антикварлық, тарихи құндылығы бар қарулар ішкі істер министрлігінің музейлеріне беріледі.