Хабар

Қарағандыда экспорттаушы кәсіпорындармен жұмыс істеу үшін жедел штаб құрылды

Қарағанды облысында әлемдегі ахуалға байланысты экспорттаушы кәсіпорындармен жұмыс істеу үшін жедел штаб іске қосылды. Оны өңір әкімінің орынбасары Ермек Алпысов басқарады. Барлық туындаған мәселелер жедел режимде шешіледі.

Бұл туралы облыс басшысы Жеңіс Қасымбек аппараттық кеңесте мәлімдеді.

«Бізде көптеген кәсіпорындар сыртқы нарықпен тығыз байланысты. Өңірде жедел штаб құрдық, өткен аптадан бастап ол жедел жұмыс істеп келеді. Біз әрбір экспорттаушы кәсіпорынмен, барлық ірі жұмыс берушілермен күнделікті байланыста боламыз. Жағдайды мониторингілеу, экспорттық өнімді жөнелтуге және еңбек ұжымдарындағы жағдайға байланысты барлық мәселелерді шешуіміз қажет. Бұл әлемдегі қалыптасқан жағдайға байланысты маңызды мәселе. Ең бастысы – жұмыс орындарын сақтау, азаматтарымыздың әл-ауқаты артуда», – деп атап өтті облыс басшысы.

Ол қалалар мен аудандардың әкімдеріне бүкіл өнеркәсіп кәсіпорындарымен тығыз жұмыс істеуді тапсырды.

Сондай-ақ ішкі және сыртқы сауда көлемдеріне тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін айтты. Бұдан басқа, компаниялардың инвестициялық белсенділігіне ерекше назар аударылатын болады.

«Биыл инвестиция көлемі 850 млрд теңге деңгейінде жоспарланып, 2021 жылдың нәтижесіне қарағанда 40 млрд теңгеге өседі. Бұл міндетті біз орындауымыз керек», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Облыстың екі айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов баяндады.

Оның мәліметінше, өнеркәсіп өнімі 6,5% өсіммен 760,3 млрд теңгеге өндірілген.

Өңдеу өнеркәсібінде жалпақ болат прокатын өндіру – 17,6%-ға, болат өндіру – 7,8%-ға, шойын өндіру – 4,6%-ға, кальций карбидін өндіру – 2,9%-ға ұлғайды.

Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 27,1 млрд теңгені құрады. Облыста ет және сүт өндірісі артты.

Құрылыста оң қарқын сақталып отыр. Екі айда 92,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,4%-ға артық.

Жалпы, 2022 жылға облыс алдында экономиканың 3,4% өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр. Өнеркәсіпте 4,3 трлн теңге көлеміне қол жеткізе отырып, екі пайыздық өсім белгіленген.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button