Қарағанды облысының тұрғындарын ағаш мен гүл отырғызу акциясына қатысуға шақырады
Әр тұрғын ағаш немесе гүл отырғызуға, сондай-ақ аула аумақтарын тазартуға, су айдындары мен бұлақтарды қоқыстардан тазартуға қатыса алады.
Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы аймақ тұрғындарын «Таза табиғат» ұлттық жобасы аясында өткізілетін іс-шараларға қатысуға шақырады.
Облысымызда іс-шаралар 24 сәуірде басталады. Әр тұрғын ағаш немесе гүл отырғызуға, сондай-ақ аула аумақтарын тазартуға, су айдындары мен бұлақтарды қоқыстардан тазартуға қатыса алады.
Қазақстанда «Таза табиғат» ұлттық жобасы аясында келесі іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр:
– «Мекенім – жасыл орманым» – елді мекендер аумағында және мемлекеттік орман қорында ағаш отырғызу;
– «Бірге таза Қазақстан» – демалыс аймақтарын, саябақтарды, аллеяларды тазалау; елді мекендер маңында рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын жою, тұрғындарды аулалық аймақтарды тазартуға тарту және т.б.
– «Су көздерін ашу, бұлақтарды тазарту» – елді мекендердегі бұлақтар мен суару желілерін тазарту;
– «Таза су айдындары» – бұл акция аясында су объектілері заңсыз желілерден және жағалау белдеуі тұрмыстық қалдықтардан тазартылады;
– Оқушылар арасында «Бұл – менің ағашым» мектеп алаңына ағаш отырғызу бойынша челлендж.
Қазіргі уақытта облыста «Таза табиғат» ұлттық жобасы аясында егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспары жасалуда.
Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша