
Қарағанды облысында су тасқынына дайындық бойынша «Көктем-2025» КШОЖ басталды
Қарағанды облысында су тасқыны кезеңінде ықтимал құтқару операцияларына күштер мен құралдардың дайындығы тексерілуде.
«Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында өңірде екі күн бойы 40-тан астам іс-шара өткізіледі. Қарағандыдағы Федоров су қоймасының жағалауында азаматтық қорғау қызметтерінің техникасы мен жабдықтары қаралды.
– Үкіметтің тапсырмасы бойынша су тасқыны жағдайындағы іс-қимылдарға дайындық бойынша республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Барлық құрамалардың дайындығын қараймыз: байланыс, адамдар, арнайы техника. Нақты уақыт режимінде басқа қалалармен және аудандармен түрлі жағдайларды, күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын пысықтайтын боламыз. Тәжірибе көрсеткендей, шешімдерді тез қабылдау керек, сондықтан мұндай оқу-жаттығулар қажет, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. Облыс ТЖД бастығының орынбасары Роллан Есмағанбетов ТЖ жою, адамдарды эвакуациялау бойынша іс-қимылдарды пысықтау аясында 42 тактикалық-арнайы оқу-жаттығу жоспарланғанын хабарлады. Оның бесеуі облыс орталығында, қалғандары басқа қалалар мен аудандарда өткізіледі. Құлақтандыру жүйесін, халықты уақытша орналастыру пункттерінің дайындығын тексеру көзделген. Сокыр өзенінің бұру арнасын қамыстан, шөптен және бұтадан тазартуға, сондай-ақ арықтарды тазартуға назар аударылатын болады.
– Өткен жылы саяжай учаскелерін су басу қаупі болды, сондықтан Федоров су қоймасының маңында орналасқан жерді таңдадық. Оқу-жаттығу – қосымша тексеру мүмкіндігі. Су тасқыны кезеңінде жұмыс істеу үшін бізде барлық күш пен құралдар бар: жеке құрамнан 4125 адам, 1701 бірлік техника, оның ішінде 62 жүзу құралы, 307 су сору мотопомпасы, 60 өтімділігі жоғары машина бар. Материалдық-техникалық база нығайтылды, қарамағымызға жаңа арнайы техника түсті, – деп атап өтті Роллан Есмағанбетов.