Хабар

Қарағанды облысында екі жаңа өндірісті іске қосу жоспарлануда

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында екі өндірістік жоба іске қосылады. Ол туралы аудан әкімі Юржан Бекқожин Қарағанды облысының басшысы Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен онлайн-кеңесте мәлім етті.

Жаңаарқа ауданында 2021 жылы Шығыс Қамыс кен орнында марганец кенін өңдейтін «Жаңаарқа Марганец» ЖШС 10 жұмыс орнын және марганец кенін байытатын және «ERGRecycling» ЖШС құрылыс материалдарын шығаратын өндірістік кешенін іске қосып, 25 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.

«Бүгінгі таңда 18 жаңа ШОБ нысанын ашу көзделген (7-і – саудада және 11-і – қызмет көрсету саласында), бұл 41 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді Юржан Бекқожин.

Өткен жылы шағын және орта бизнеске 165 несие беріліп, Бизнестің жол картасы бойынша 21 грант пен 3 жобаға қолдау көрсетілді. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін ағымдағы жылы аудандық бюджет есебінен 500 мың теңгеден 12 грант және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 АЕК-тен 50 грант қарастырылған.

Ауданда кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету басымдықты бағыт болып қала береді. Биыл 18 мың шаршы метрді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 9 және 18 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үй, 8 пәтерлі несиелік үй құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, 16 пәтерлі несиелік үйдің құрылысы басталады. Осының барлығы 51 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Көп балалы отбасылар үшін төрт 2 пәтерлік және екі 12 пәтерлік үйлердің құрылысы басталады.

Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін электрмен және сумен жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні аудан орталығында жеке тұрғын үй құрылысына арналған 49 учаске дайын.

Сондай-ақ, Жаңаарқа, Ақтүбек және Айнабұлақ автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Биыл 8 саябақ пен 13 спорт алаңын абаттандыру жоспарланған.

«Біз ауданның дамуына үлкен көңіл бөлеміз. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 44 жоба іске асырылды, оның ішінде балабақшалар, мектептер, инфрақұрылым және т.б. жөнделді. 11 елді мекеннің жолдары жөнделді. Аудан орталығында мектеп құрылысы басталды. 8 және 16 пәтерлі екі үй пайдалануға берілді. 20 көпбалалы ана баспанамен қамтамасыз етілді, 21 отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша сертификат алды. Бірақ әлі де тұрғын үйге мұқтаж адамдар бар. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет», – деп тапсырды облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button