Қарағанды облысында егіс алқабы ұлғайтылады
Қарағанды облысында 2022 жылы көктемгі егіс алқабы 1,1 млн гектарға егіледі деп жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 мың гектарға артық. Аграршылар дәнді және жем-шөп дақылдарын, көпжылдық шөптерді егуді ұлғайтады. Сондай-ақ картоп және көкөніс алқаптары да ұлғайтылады.
Көктемгі дала жұмыстарына дайындық онлайн режимінде аппараттық кеңесте талқыланды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаровтың ақпараты бойынша, биыл 977,5 мың га дәнді дақыл егу жоспарланған, картопқа 11,4 мың га жер бөлінген.
«Өнімділіктің артуы тұқым сапасына байланысты. Элита мен бірінші көбейтілген тұқымдарды пайдалану ұлғайтылатын болады. Сонымен қатар, биыл минералды тыңайтқыштарды көбірек сатып алу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде жерді ұтымды пайдалану үшін қажет», – деп атап өтті Асқар Санаубаров.
Басқарма басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасының басым бөлігі дайындалды. Егіс науқанына 11 мыңнан астам трактор, 351 егіс кешені, 6 078 тұқым сепкіш тартылатын болады.
Ауыл шаруашылығы өндірушілері арзандатылған дизель отынын алады. Аграрлық несие корпорациясы арқылы мемлекеттік қолдау қарастырылған. Көктемгі дала жұмыстарына дайындық бойынша облыстық жедел штаб жұмыс істейді. Облыста егін егу мамыр айының екінші онкүндігінде басталады деп күтілуде.
«Уақытында қажеттінің бәрін қамтамасыз ету, тұқымдардың сапасына тексеру жүргізу қажет. Агротехнологияларды сақтау маңызды, минералды тыңайтқыштарды пайдалануды арттыру, суармалы егіншілікті арттыру қажет. Шаруаларды арзандатылған отынмен қамтамасыз ету бақылауда», – деп қорытындылады облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.