Қарағанды облысында аязға байланысты «Тегін такси» акциясы ұйымдастырылды
Қарағанды облысында аязға байланысты «Тегін такси» қайырымдылық акциясы басталды. Оны аймақтағы мешіт қызметкерлері ұйымдастырып, автокөлік иелері мен жанармай құю бекеттері қолдады.
«Тегін такси» және «Қолыңнан келсе, қолғабыс бол» қайырымдылық акцияларын өткізіп жатырмыз. Жақсылық жасап, жаныңдағыларға көмектесу керек деп есептейміз. Барлық адамдарды мейірімділік пен жауапкершілікке шақырамыз», – дейді Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы.
Оның айтуынша, «Тегін такси» облыстың қалаларында ғана емес, ауылдық жерлерде де қызмет көрсетеді. Акцияны жүзге жуық автокөлік иесі қолдады, ал жанармай құю бекеттерінің бірі бензинді тегін ұсынды.
Сонымен қатар, акция ұйымдастырушылары көшеде аязды күндері коммуналдық қызмет жұмысшыларына ыстық шай таратады.
«Барлығына рахмет. Осындай игі істер көбейе берсін. Бұл – адамдарға жасалып жатқан керемет көмек. Күн сайын мешітке барамын, аязды күндері мені үйге тегін алып келеді», – дейді 74 жастағы ақсақал Зікірия Әбдірахманұлы.