Қарағанды әуежайында пилоттық режимде авиажолаушылардың аймақтық қонуы іске қосылады
Қарағанды әуежайында «Аймақтық қону» жобасына қатысу жоспарлануда. Кеншілер қаласындағы әуе айлағы бұл жобаны 10 қыркүйектен бастап пилоттық режимде іске қосуды жоспарлап отыр.
Қарағанды әуежайында «Аймақтық қону» жобасының іске қосылғаны туралы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жобаның негізгі идеясы – жолаушыларды аймақтық технология бойынша, яғни топтар бойынша отырғызуды жүзеге асыру. Бұл әуежайларда болған кезде азаматтарға қызмет көрсету сапасы мен жылдамдығын айтарлықтай арттырады. Жоба шеңберінде жолаушыларды отырғызу әуе кемесінің бортында алатын орнына байланысты жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте еріп жүрушілері жоқ балалар мен жүріп-тұруы шектеулі жолаушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес басым тәртіппен негізгі кезектен тыс өтетін болады», – делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, пилоттық жобаға Air Astana, Fly Arystan және SCAT әуе компаниялары қатысады. Аймақтық қону тек телескопиялық траптары бар әуежайларда: Нұр-Сұлтан, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан және Қарағандыда жүзеге асырылады. Жоба үш айға есептелген. Сәтті жүзеге асатын болса, аймақтық қонуды болашақта тұрақты қолдану туралы шешім қабылданады.