Хабар

Құсбегілер бәсі

ХХ ғасырдың бас кезінде Созақ өңірінде құстың тілін біледі деген екі атақты құсбегі бәстесіпті. Біреуі қарғаға қаз ілдіремін деп мақтанса, екіншісі мен шөже торғайға қарақұйрық алдырамын депті. Бәске куә болғандар таңқалысыпты, қазды қарқылдаған қарға алса, жас қыздың жұдырығындай шөже торғай қарақұйрыққа түссе, онда заман не болған десіп күңкілдеседі.

Ол кезде құс сынау күзде, құс қайтар кезде болады екен. Қара қарғаға қаз ілдіремін деген құсбегі көктемде қара қарғаның екі балапанын ұядан алып бағады. Қазды атып алып, оның терісінің ішіне жүн тығып, тірі қазға ұқсатып, кептіреді. Қарғаның балапандарына жемді соның басынан жегізеді. Балапандар өсе келе қаздың кепкен тұлыбын көрсе тап беріп басып, жем іздейтін болады.

Екінші құсбегі қарақұйрықтың біреуін ұстап алып, бағып өсіреді де, бір ұя шөже торғайдың балапанын қолға үйретіп, тарының дәнін қарақұйрықтың басына сеуіп беріп жегізеді. Соған дағдыланған шөже торғайлар қарақұйрық көрсе болды соған ұмтылатын болады. Шөже торғайларды тордың ішіне ұстап, тек дән себер кезде ғана шығарады. Осылай бәстескен екі құсбегі де жаз бойы дайындық жасап, торғай мен қарғасын үйрете береді.

Күзде бәстескен құсбегілердің өнерін көруге көп адам жиналады. Қарғаның бастаушысы: “Жеке қазға ғана қарғаларымды жіберемін”, — деп оңаша іздеп әуреленеді. Ақыры сәті түсіп жеке келе жатқан қаз кездесіп, соған үйретілген екі қарғасын қосып жібереді. Бір күннен бері жем жемеген аш қарғалар қазды көргенде ұмтыла ұшады, қазға жетіп, оның басынан жем іздеп құяқтарымен түйіп, жібермей есін шығарады, құтыла алмаған қаз ыға ұшып, қамыстың арасына барып тығылады. Сол мезетте құсбегінің үйретілген тазысы барып, қамысқа қорғалаған қазды аузымен тістеп алып келеді. Ел құсбегінің өнеріне дән риза болады.

Бұдан соң ел екінші құсбегінің өнерін көруге келеді. Ол торға қамап ұстап отырған шөже торғайларын алып шығып, жеке қашқан қарақұйрыққа қоя береді. Бір топ торғай қарақұйрықтың басыма үймелеп, жем іздеп шүпірлеп қарақұйрықты жүргізбейді. Сол кезде аңшының тазысы барып қарақұйрықты ұстайды. Екеуінің өнерін тамашалап, риза болған жұрт тең түстіңдер деп жариялап, алғыс айтыпты.

massaget.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button