Әскерге шақырылған әрбір оныншы сарбаз оқуға тегін түсе алады
Қорғаныс министрлігінің есебінше, ел университеттері бұл мақсатқа жылына шамамен 3 мың грант бөледі.
Қорғаныс министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің өзара келісімі бойынша, 2023 жылдан бастап әскери борышын өтеген ел азаматтарына жоғары оқу орындарына Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесін есепке алмай-ақ түсуге мүмкіндік жасалады. Олар ақылы түрде және әскери борышын өтеу кезіндегі тәртібі мен жетістіктеріне қарай тегін оқи алады.
Бұл орайда Қорғаныс министрлігінің есебінше, университеттер жылына шамамен 3000 грант бөлуі тиіс. Бұл әскерге шақырылған әрбір оныншы сарбаз оқуға тегін түсуге мүмкіндік береді.
Қазірге дейін қазақстандық қырыққа жуық жоғары оқу орны министрліктердің ортақ бастамасын қолдайтынын білдірген.
Тегін оқуға Қарулы Күштердің құрамалары мен бөлімдерінің сарбаздарынан бөлек, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан сынды басқа әскери құрылымдарда қызмет еткен жауынгерлер де үміткер бола алады. Ол үшін Қорғаныс министрлігі жауынгерлердің дайындық барысында жинаған ұпайларын қорытындылап, рейтингін анықтайтын әдістерді әзірлеп жатыр.