Ұлыс құтты болсын!
«Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурызнама» дейді дала әулиесі Мәшһүр Жүсіп. «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен» деген хакім Абай. Шәкәрім қажы болса «Қожа, молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, Құрбан, Ораза айттарын Ұлыс күні дегізіп, Ұлысты – Наурыз дегізген. Жыл басының аты Ұлыс екенінің дәлелі мынау: «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар» деген – тіпті ескі мақал» деп бір тұжырады.
Осыдан аңғарғанымыз, Ұлы далада Ұлыстың ұлы күні – дүбірлі тойдан, дүрмекті жиыннан бір бас жоғары, бәсі биік, шежірелі елдің шынайы құндылығы, қырдағы жұрт пен ойдағы елді қауыштырар бауырластық күні, көкейдегі реніші көк тастай қатып қалса да, ерітер шақ, маздақ басында мауқын басысар, орда ішінде оң сөйлетер, Жер-Ана мейірленіп, тоңын жібітер, тоқсаннан шыққандар тонын шешер, күн мен түн теңелер ұлыстың ұлық мерекесі – наурыз болғаны.
Ел шетіне тиген жаудың бетін қайырса да, бұрнағы бұлғақ жылдардың бұғалығын шешсе де, жұрт ішінде қандай қуаныш болса да, соның тойы – наурызда болады екен. «Қобыланды батыр» жырындағы «Қаз жайлауын саз деймін, Наурыздан соң жаз деймін» деу де, Шақшақ Жәнібектің қызының жоқтауындағы:
«Қазысы қарыс айғырды,
Сүбесі сүйем қошқарды,
Ұлыс күні соймас па ем»
деген өлең де соның бір анық куәлігі.
Дүниенің дүрия пердесін ашып, дүйім жұртқа дүр айтқызып, дүбірлетіп аламан шаптырып, қара қойдан қалжа сойдырып, маңдайшаға мойын омыртқа ілдіріп, өмірге бала келсе де, соның туған күні – наурызда екен. Ұлыстың ұлы күні еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін туған күн болған екен. Әрбірі күн мен түн теңелгенде кісі баласы бір жас қосады деп білген. Бұл салттың, бұл дәстүрдің сарқыншағын байтақтың батысын жайлаған қазақ баласының «Амал мерекесі», «Көрісу күні», «Көрісу айты» деп жүргенінен көрдік. Көрдік те, сол дәстүрді қалың қазаққа жұғысты, сіңісті болса екен деп, ортақ мерекеге ұлассын деп, бірнеше жылдан бері тұтас ел болып тойлап та келеміз.
Сондағы жұрттың бір-біріне айтар сөзі де «Бір жас қосуыңмен», «Бір жасыңмен» емес пе?!. Міне, наурызнама, ұлыстың ұлы күні – мемлекеттің мерейлі мерекесі ғана емес, әр адамның атап өтер туған күні де екен.
«Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін Ораза, Құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар, ол – Наурыз» дейді Міржақып Дулатұлы. Иран қазақтары әзелден әзірге дейін Наурыз мерекесін «Наурыз айт» дейді екен. Батыс қазақтарының «Көрісу айтымен» астасып жатқан бір дәстүр де осы. Отыз күн ойын, қырық күн той қылған кешегі қазақтың қастерлі жоралғысын біз де қайта түлетіп, жаңғыртып Амал мерекесінен бастап ай соңына дейін тойламаққа бейілміз. Тойлаумен бірге оның сырын, қасиетін тұшынып, ойламаққа бейілміз. Мұхтар Омарханұлы: «Жұп шырақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, көріскенде: «таза бақ, кел» деп, «Көш, қайрақан, көш» деп аластау барлығы да сол заманның тілегі. Ескіліктің ізін сақтаған, ескі күнде аман болып, бүтін болып қалмай, сынып, жарылып қазаға ұшыраған нәрселер болса, оның бәрінде ескі күннің сарқыты қалуға мүмкін. Онда иесіне арнаған жаманшылық сөз сақталып қалуы лайық. Сондықтан кетік ыдыстар сындырылады» деген екен наурыздың жөні жайында.
Осы сөзді тұғырлы елге тұмар ете отырып, халқымыз кейінгі айларда басынан кешірген ауыр күндерге, аумалы шақтарға, ауыспалы мезеттерге саламат айтып, жаңа күннің жақсы ырымын жасап, жасампаз күндерге жақсы сөзбен бармаққа ниеттіміз.
Самарқанның көк тасы жібіген күнде санадағы көп уайым жібісін деп, жер-жаһан жаңарған күні жанымыз жаңарсын деп, мемлекет мерейлі, қоғам құтты, ұлыс бақты, ұл аруақты болсын деп, қазан оттан, қазақ аттан түспесін деп, дүниені түлетіп туған жаңа күнге тік қарап тұрып бір құдайға тілек қылайық!