Қыркүйек айында қандай мамандықтарға сұраныс артты
Қыркүйек айында елімізде автокөлік жүргізушілері, тәрбиешілер, жүк тиеушілер тапшы болды. Бұл туралы Еңбек ресурстарын дамыту орталығынан мәлім болды.
Қыркүйекте барлық өңірлер бөлінісінде бос орындар санының жалпы өсімі аясында Алматы қаласында (-10%) және Маңғыстау облысында (-7%) бос жұмыс орындарының қысқаруы байқалады. Сонымен қатар, өткен айда жарияланған бос орындар саны бойынша 12,6 мың көрсеткішпен (өсім 6,6 мың бос орын немесе 109%) Алматы облысы көшбасшы болды.
«Екінші жағынан, бос жұмыс орындары сияқты, жұмыс іздеушілер белсенділігінің ең көп төмендеуі Алматы қаласында (-24%) және Маңғыстау облысында (-21%) байқалады. Сонымен қатар, түйіндеменің ең көп өсімі Ақмола (+40%) және Солтүстік Қазақстан (+39%) облыстарында болды, оларда басқа өңірлермен салыстырғанда жалпы түйіндемелердің ең аз саны байқалады – тиісінше 1,6 мың және 2 мың», – делінген орталық мәліметінде.
Мұнымен қоса, білікті мамандар арасында түйіндеме мен бос жұмыс орындарын салыстыру кезінде интервьюерлермен қатар, күзетшілер (504 түйіндеме және 2,3 мың бос жұмыс орны), автокөлік жүргізушілері (948 түйіндеме және 2 мың бос жұмыс орны), сондай-ақ тәрбиешілер (1,3 мың түйіндеме және 2,3 мың бос жұмыс орны) жетіспейді. Біліктілікті талап етпейтін кәсіптер арасында көмекші жұмыскерлер, жүк тиеушілер, әртүрлі жұмыстарды орындайтын жұмысшылар, ас үй қызметкерлері және мектептердегі тазалаушылар тапшы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, қыркүйек айында білім беру саласындағы мамандарға деген сұраныс артып отыр. 18 мыңнан астам бос жұмыс орны тіркеліп, бұл мектептерде, колледждерде және ЖОО-ларда дәстүрлі оқыту форматына қайта оралуға байланысты қалыптасты.