Қазақстанда мектеп формасына қатысты бұйрық өзгеруі мүмкін
Қазақстанда мектеп формасына қатысты бұйрыққа өзгертулер енгізу жоспарланып отыр. Жаңа ережелер мектеп оқушыларының мүмкіндіктерін кеңейтеді.
“Пиджак, жилет, шалбар, юбка және жейдеден тұратын қазіргі мектеп формасымен қатар оқушыларға пиджак пен жакетті түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардигандарға ауыстыруға, сондай-ақ күнделікті киіп жүрген жейделерін поло жейделерге ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Алайда киімнің түсі, стилі және басқа да тұстары мектеп әкімшілігімен келісілуі керек”, – делінген хабарламада.
Бұл Оқу-ағарту министрлігі қолданыстағы бұйрыққа енгізуді ұсынып отырған толықтырулардан кейін мүмкін болады.
“Жалпы, мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Бұл жерде әңгіме тізімді толықтыру және таңдау мүмкіндігін беру жайында болып отыр. Бұған дейін ата-аналар бұл мүмкіндіктің балалар үшін ыңғайлы екенін айтып, қарастыруды сұраған болатын. Өйткені сабақ кезінде ресми костюм кию балалардың барлығына бірдей қолайлы емес. Сол себепті балама ретінде ыңғайлырақ киіммен келуге рұқсат беру ұсынылып отыр. Мысалы, ресми пиджак немесе жакет орнына тоқылған күрте/кардиган және күнделікті жейде орнына поло жейде. Шешімді мектеп әкімшілігі, қамқоршылық кеңесі және мектептің өзін-өзі басқару кеңесі қабылдайды. Бұл толықтырулар келесі жылы мектептерде шешім қабылдауға жеткілікті уақыт болуы үшін алдын ала басталып отыр. Бірақ бұл мектептер бекітілген талаптарды міндетті түрде қайта қарауы керек дегенді білдірмейді. Бұл қажет болған жағдайда пайдалануға болатын қосымша мүмкіндік пен нұсқа ғана”, – деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Райынбекқызы.
Ата-аналар өндірушіні таңдауда және мектеп формасын сатып алуда тәуелсіз екенін еске сала кетейік.