Хабар

Қазақстан халқының этникалық құрамы белгілі болды

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясының 2026 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының жобасын дайындады, онда республика халқының этникалық құрамы жөніндегі мәлімет ұсынылған.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 19 млн 122 мың адам тұрады, олардың ең көп пайызын қазақтар (69,03%) құрады.

Сонымен қатар елде 18,47% орыстар, өзбектер 3,29 %, ұйғырлар 1,5%, украиндар 1,3%, татарлар 1,06%, немістер 0,92%, түріктер 0,61%, кәрістер 0,57%, әзербайжандар 0,61%, дүнгендер 0,40%, белорустар 0,26%, тәжіктер 0,27%, күрдтер 0,25%, поляктар 0,15%, башқұрттар 0,09%, басқа этностардың өкілдері 1,04% құрайды.

Жалпы, 2018-2020 жылдарға арналған халық саны бойынша статистика деректері ел халқының тұрақты өсу үрдісін көрсетеді. Мәселен, соңғы үш жылда ел халқының саны 2,6%-ға өсті.

Құжатта Қазақстанда этносаралық қатынастардағы тұрақтылықтың «базалық өзегі» 94% деңгейінде сақталатыны айтылған.

«Азаматтар этносаралық келісімді сақтау жөніндегі мемлекеттік саясатты қолдайды және мұндай қолдау деңгейі 85,9% – ды құрайды», делінген құжатта.

Бұдан басқа, ақпараттық алаңда қазақстандық азаматтар арасындағы этносаралық қатынастарға теріс әсер етуі мүмкін елдегі этносаралық жағдайдың жай-күйі туралы теріс дүниетанымдық көзқарастардың белгілі бір таралуы байқалады.

Елдегі этносаралық бейбітшілік пен бірлікті кеңінен жариялаумен қатар, «өшпенділік тілінің», елдегі этносаралық жағдайды жосықсыз түсіндірудің бар екендігі байқалады.

Тұжырымдама бірінші кезекте Ассамблеяның қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен келісім саясатын қамтамасыз етудің негізгі идеологиялық тетіктерінің бірі ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған.

Оның міндеттеріне қоғамда этностардың интеграциясы, қазақстандық бірегейлік пен жалпыұлттық бірлікті дамыту, қоғамда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету салаларында мемлекеттік саясат қағидаттарын түсіндіру және іске асыру бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру кіреді.

Құжат 2022 жылғы 13 шілдеге дейін Ашық НҚА сайтында жария талқылау үшін орналастырылған.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button