Қазақ телерадиосының жәдігерлері сақталған сайт іске қосылды

Kazmedia орталығында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының altynqor.com cайты таныстырылды. Жаңа сайтта 1930 жылдардан бері Қазақ телевизиясы қорында сақталған құнды видео және аудиоматериалдар топтастырылған. Бұл туралы корпорацияның басқарма төрайымы Ләзат Танысбай мәлімдеді.

«Бұл — алтын қорда ұзақ жылдардан бері сақталған мұраны қызығушылық танытқан әрбір жанға қолжетімді ету үшін жүзеге асырылған жоба. Сағынышқа айналған бейнелер мен дауыстарды, мазмұнын жоғалтпаған хабарларды осындай жолмен халықтың игілігіне қайта ұсынуды жөн көрдік. Сайтты зерттеуші ғалымдар да ашық дереккөз ретінде пайдалана алады. Бүгінде қорда 110 мыңнан астам бейне және аудиоматериал болса, оның қатары жыл сайын 1000 материалмен толықтырылып отырады. Сондықтан сайтты толтыру ісі тұрақты түрде жалғасын тауып отырады», — деді Ләззат Танысбай сайттың таныстырылымында.

Сайтқа жарияланған материалдар бірнеше бөлім бойынша іріктелген. Мысалы, «Бейнеқор» бөлімінде С.Әшімбаев, Ш.Мұртаза, С.Оразалин жүргізген «Парыз бен қарыз», «Ұлт және сана», «Сұхбат» бағдарламалары, «Тамаша», «Халық қазынасы», «Асыл мұра», «Адам іздеп жүрмін», «Келесі аялдама», «Кеш жарық», «Күлтөбе» сынды 800-ден астам бөлімнен тұратын 50 телехабар, «Советтік Қазақстан» киножурналы мен «Қазақтелефильм» өндірістік бірлестігінің жобалары бар.

Ал «Тұлғалар» бөлімінде К.Әзірбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, Ш.Жиенқұлова, К. Байсейітова, Ш.Айманов, Ш.Айтматов, Қ.Мырза Әлі сынды тұлғалардың қатысуымен әр жылдары түсірілген бейнетоптамалар қамтылған.

«Аудиоқор» бөліміне 1954 жылдан бергі сақталған М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Есенберлин, Б.Соқпақбаев, Ғ.Мүсірепов сынды 100 ұлт қайраткерінің әр жылдары жазылып алынған дауыстары, Қ.Байжанов, К.Әзірбаев, Қ.Бабақов, Ә.Қашаубаев, Ж.Елебеков, Ж.Кәрменов, М.Ешекеев сияқты қазақ ән өнері майталмандарының дауысымен жазылған 132 ән, әр жылдары Қазақстан төңірегінде жүргізілген түрлі экспедициялардағы шешендік өнер жайындағы сұхбаттар, Батырлар жырының 50 нұсқасы, 100 күй, 100 ертегі нұсқасы, «Сыңсу», Бесік жыры, «Жар-жар», «Беташар», «Жарапазан», Жоқтау» сынды тұрмыстық-ғұрыптық әндер енгізілді.

Қоса кетсек, іс-шара аясында Қазақ радиосының 100 жылдығына орай жарыққа шыққан «Алтын қор. Аманат» аудиожинағы таныстырылды. Антология «Дәуір үні», «Атадан қалған асыл сөз», «Батырлар жыры», «Ән өнері», «Күй», «Салт-дәстүр» және «Ертегі» деп аталатын 7 бөлімнен тұрады. Аудиожинақтың ерекшелігі — ұсынылған туындылар арнайы флэш-кардқа жазылған. Әр бөлімнің соңындағы QR-код арқылы радио және altynqor.com сайтынан жинақтың электронды нұсқасын тыңдауға болады.

Автор: Корреспондент

Читайте также

Онлайн, қашықтан оқыту, көктемгі каникул: БҒМ маңызды сұрақтарға жауап берді

Бүгін «БҒМ LIVE» жобасында Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Сапура Төлекова үшінші …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *