Хабар

Қарағандыда мектеп жетіспеушілігі мен үш ауысымды оқыту мәселесі қалай шешілмек

Қарағандыда алдағы төрт жылда бес мектеп салынады деп жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қаланың халық тығыз орналасқан аудандарындағы оқу орындарының жетіспеушілігі проблемасын шешуі тиіс.

Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова қай шағын аудандарда жаңа мектептер пайда болатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды өңірінің бас педагогының айтуынша, жыл сайын облыс орталығының белгілі бір шағын аудандарында жас отбасылар, сәйкесінше мектеп жасындағы балалар саны артып келеді. Осыған байланысты аталған аудандарда жаңа білім беру нысандарын салу туралы шешім қабылданды.

«Урбанизация мен бала туу көрсеткіштерінің өсуіне байланысты Қарағандыда оқушы балалар саны артып келеді. Жаңа оқу жылында үш ауысымды оқыту 11а шағын ауданындағы №34 және «Гүлдер-1» шағын ауданындағы №101 мектептерде өтіп жатыр. Күнгей, Таугүл, Кендала және Көгілдір тоғандар шағын аудандарының жаңа құрылыстарының жанында жаңа мектептер салу қажеттілігі бар. Бұл шағын аудандарда орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 2022-2025 жылдарға 5 мектеп салу жоспарланған, оның ішінде 2-уі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік есебінен. Сонымен қатар, 11а шағын ауданда үш ауысымдық оқу мәселесін шешетін мектеп құрылысы аяқталуда. Таугүл шағын ауданында мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында мектеп құрылысы басталды», – деп атап өтті Гүлсім Қожахметова.

Қарағандыда салынатын жаңа мектептерден басқа, облыста тағы 10 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Олардың ішінде ауылдық өңірлерде 3 мектеп, 4 жапсарлас құрылыс, 2 балабақша, Сәтпаев қаласында оқушылар сарайы бар.

«Ауыл мектептерін жаңғыртуды жалғастырамыз, 57 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жыл соңына дейін 61 мектеп кітапханасы мен 9 мектеп асханасы, 26 мектеп пәндік кабинеттермен жабдықталып, 12 мектепте жиһаз жаңартылады. «Нұр-Отанның» «Жол картасы» аясында 2025 жылға дейін тағы 299 ауыл мектебін жаңғырту жоспарланған», – деді білім басқармасының басшысы.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Проверьте также
Close
Back to top button