Қарағандыдағы жәрмеңкеге фермерлер бір жарым мың тоннадан астам өнім әкеледі
Жәрмеңкеде қарағандылықтарға азық-түлікті нарықтық бағадан 10-15% төмен бағамен ұсынады.
Қарағанды облысында «Ауыл Береке» дәстүрлі жәрмеңкесінің маусымы басталады. Қала тұрғындары ет пен көкөністі қолжетімді бағамен ала алады.
Қарағандыда бірінші ауылшаруашылық жәрмеңкесі 16 қазанда Global City көтерме-тарату орталығының аумағында өтеді. Оған облыстың сегіз ауданынан ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындары қатысады.
Жәрмеңкеге 1 564 тонна өнім жеткізіледі деп күтілуде. Фермерлер мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындары 185 тонна ет, 990 тонна картоп, 250 тонна көкөніс, 54 тонна сүт өнімдерін әкеледі. 390 мың дана жұмыртқа, 27 тонна балық сату жоспарланған.
Қарағандылықтарға азық-түлікті нарықтық бағадан 10-15% төмен бағамен ұсынады. Мысалы, ет түріне қарай бір келісі 1 800 теңгеден 2 200 теңгеге дейін, картоп, қырыққабат, сәбіз және қызылша – 100 теңге, пияз – 90 теңге тұрады. Он жұмыртқа – 220 теңгеден 320 теңгеге дейін.
Облыс орталығында жәрмеңкелер 23 қазан және 6 қараша күндері өтеді. Серіктес қалаларда олар 30 қазанға жоспарланған.
Global City мекен-жайы: Қарағанды қ., 134-ші есептік орам (Тәттімбет және Момышұлы көшелерінің қиылысы).
Жәрмеңке сағат 09:00-де ашылып, 19:00-ге дейін жалғасады.
Global City-ге № 40, 56, 5, 146 автобустармен және № 02 және 29 маршруттық көліктермен жетуге болады.
Автокөлік иелеріне ыңғайлы болу үшін орталық аумағында үлкен тегін тұрақ қарастырылған.
Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі