Қарағанды облысындағы Осакаров ауданының атауы өзгертіледі
Бүгін Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясы Қарағанды облысының Осакаров ауданы атауын өзгертуге байланысты шешім қабылдады, деп хабарлайды мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
«Қарағанды облысының Осакаров ауданының атауы өзгертіледі. Жергілікті тұрғындар жиырма жыл бойы «Сарыбел» тарихи атауын қайтару мәселесін көтеріп келген болатын. Бүгін ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясы осы мәселеге байланысты бірауыздан оң шешім қабылдады. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің жаңа ауданға «Тұран» атауын беру туралы ұсынысы да қолдау тапты», – делінген баспасөз мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, комиссия мүшелері мемлекеттік меншіктегі бірқатар объектіге атау беру және қайта атау туралы ұсыныс бойынша оң қорытынды шығарған.
«Қоғамда ономастика мәселелерінің әлеуметтік маңызы зор. Барлық ұсыныстар сараптамалық және ғылыми орта өкілдерінің, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың қатысуымен қаралады. Соңғы уақытта комиссия бірінші кезекте азаматтардың пікірін ескеріп, бірқатар маңызды шешімдер қабылдады», – дейді мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.