
Жастар – қоғамның қозғаушы күші
Қоғамның дамуына әр азамат өз үлесін қосады. Оның ішінде жас буынның орны ерекше. Бүгінгі ұрпақ білім алып қана қоймай, еңбекке араласып, жаңа идея ұсынып, қоғамдық бастамаларға қатысып жүр. Цифрлық технология олардың білім алуына, кәсіп игеруіне және өз жобаларын дамытуына жаңа мүмкіндік берді. Мысалы, Астанадағы JOLTAP жобасы. Бағдарлама арқылы 17 мыңнан астам адам кәсіптік білім алған, оның ішінде 2025 жылы 7 500 адам оқуын аяқтаған. Дәнекерлеу, тігін, наубайшылық, бариста және жиһаз жасау сияқты мамандықтардың оқытылуы еңбек нарығына қажетті кадр даярлауға мүмкіндік беріп отыр. Еңбекке араласу бағытында «Жасыл ел» жобасының да маңызы бар.
2025 жылы Астанада оның аясында 5 200 адам маусымдық жұмысқа орналасты. Бұл студенттер мен жұмыс іздеген азаматтарға тәжірибе жинап, еңбекке бейімделуге мүмкіндік берді. Қоғамдық белсенділіктен де нақты нәтижелерді көруге болады. 2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда волонтерлердің қатысуымен 27 мыңнан астам іс-шара өткізілген. Әлеуметтік көмек, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға қатысу арқылы өскелең ұрпақ қоғам мәселелерін шешуге өз үлесін қосып келеді. Жас мамандардың еңбек нарығына енуі де маңызды көрсеткіш. Мысалы, 2025 жылы Алматы облысында 27 360 адам жұмысқа орналасқан. Оның 14 мыңнан астамы жеке бастамасы арқылы еңбекке араласқан. Бұл кәсіби дамуға деген ұмтылыстың артып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен мүмкіндікпен бірге жауапкершілік те қажет.
Мамандықты дұрыс таңдау, сапалы білім алу, қаржыны сауатты басқару, уақытты тиімді пайдалану және ақпаратты тексеруді де білу керек. Заманауи білімді ұлттық құндылықтармен ұштастыру да қажет. Ана тілін, тарихын, мәдениетін құрметтей отырып, жаңа технологияны меңгерген тұлға елдің дамуына елеулі үлес қоса алады. Осындай әрекеттер мемлекеттің дамуына ықпал етеді. Бүгінгі мүмкіндік пен табандылық – ертеңгі нәтижеге бастайтын негізгі күш.
Талғат Дильназ




