
Жұмыспен қамту
2025 жылдың басынан бері Қарағанды облысында 32 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылды, олардың үштен бірі жаңа жұмыс орындарына орналасқан. Қазіргі уақытта өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрап отыр, бұл — елдегі орташа көрсеткіштен төмен.
Облыста жастар мен әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы мақсатта өңірлік жұмыспен қамту картасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама мемлекеттік бағдарламалар мен бірнеше жобаларды біріктіреді. Атап айтқанда: «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімі», «Күміс жас», «Алтын жас» және кәсіби оқыту мен қайта даярлау шаралары.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтардың айтуынша, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқыту мен кәсіби бағдар беру басты назарда. Осы бағытта Қарағанды мен Теміртауда «JUMYS TAP» жобасы шеңберінде кеңес беру орталықтары жұмыс істеуде. Бұл орталықтарда тұрғындарға мамандық таңдауға және жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіледі. Жоба қатысушыларының көпшілігі дәнекерлеуші, сантехник, шаштараз және тігінші мамандықтары бойынша колледждерде білім алған.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік негіздерін үйрету жұмыстары да жүргізіліп жатыр. 2025 жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында 225 грант берілді. Бұл қолдаудың нәтижесінде облыста жаңа ателье, дүкен, шеберхана және өндірістік цехтар ашыла бастады. Гранттарды алу және есеп беру процесі цифрлық форматқа көшірілген.
Жұмысқа орналастырудың тиімді жолдарының бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкелері. Биыл осындай шаралар арқылы 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс тапты.
Өңірдегі жұмыспен қамту көрсеткішінің артуы өндіріс саласының дамуымен де тығыз байланысты. Жыл соңына дейін аймақта 15 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Жаңа өндіріс ошақтарында технологиялық желі операторлары, кран машинистері, электрмонтерлер және өзге де мамандар жұмыс істейтін болады.
– Мысалы, «Тэмпо Казахстан», «Тау-Кен Темір» және «Qaragandy Power Silicon» секілді кәсіпорындарда 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады, – деді облыстық өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов.
2026 жылы тағы мыңға жуық, ал 2027 жылы 600-ден астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, жұмыспен қамту – тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін басты бағыттардың бірі.
– Жұмыспен қамту мәселесіне кешенді және жүйелі түрде қарау керек. Кәсіби білім беруді жалғастырып, зейнеталды жастағы азаматтарды жұмысқа тарту үшін кәсіпорындарға ынталандыру шараларын күшейту қажет. Сонымен қатар, «Алтын жас», «Жұмыс тап» жобаларын әрі қарай дамытып, әлеуметтік осал топтарға қолдауды арттыру маңызды. Аймақтың әлеуетін толық пайдалануға тиіспіз, – деді өңір басшысы.




