
Қарағанды қаласының Цирк алаңында француздық пианист–композитор Жереми Тернуа басқаратын джаз-трио өнер көрсетті. «Бәрі серуеннен басталады» атты жаңа бағдарламасын көрермен назарына ұсынды. Жиналған көрермен музыка өнерінің майталмандарын қолдап, қошеметтеп отырды. Джаз әуені барлығын шабыттандырып қана қоймай, көңілге ерекше серпін берді.
Әуелі сахнаға Жереми Тернуа шығып, көпесуретті ноутбук арқылы фондық дыбыстар жасап, сол арқылы кештің лирикалық композицияларының алғашқы аккордтарын шығарды. Одан кейін Николя Майё (контрабас) мен Шарль Дюичовер (барабаншы) сахнаға қосылып, төрт бөліктен тұратын концертті бастады. Команда «Première Marche», «Circulaire», «Sillage» және ең танымал «Marche II» пьесаларын орындап, тыңдарманды минималистік фортепиано импровизациясынан рок-энергиясы мен электрондық текстураларға дейін апарды. Әсіресе «Marche II» кезінде қос фортепиано партиясының кеңістігі мен ұшқары лирикасы көрермендердің жүрегін жаулады. Трио осы уақытқа дейін 15 шақты композицияның тұсауын кесіпті.
Жереми Тернуа триосы 2003 жылы құрылғаннан кейін 2004 жылы Ademain лейблынан алғашқы «Trio Jérémie Ternoy» альбомын шығарды. Одан соң 2008 жылы «Bloc» (Zig-Zag Territoires), 2011 жылы «Bill» (Circum-Disc) туындыларын жарыққа шығарып, Париждегі Jazz à la Défense, Венаның Rezzo Jazz және Jazz Migration байқауларында жүлделі орындарға ие болды. 2011–2016 жылдары Тернуа MAGMA, Organik Orkeztra секілді ірі жобаларға қатысып, халықаралық беделін арттырса, 2017 жылдан бері қайтадан өз триосымен тұрақты турге шығып келеді. Олардың «Бәрі серуеннен басталады» бағдарламасы Ресей, Қазақстан, Косово, Индонезияда танылған шығармашылықтың жаңа лебі болып, қабылданды.
– Мұндай турнирлер бізде Ресей мен Индонезия мемлекеттерінде болды. Алайда, Қазақстанға алғаш рет келуіміз.Осы айтулы шарада біз өз репертуарымыздан 5 композициялық ән орындадық. Кеш бізге қатты ұнады. Алда Қазақстанға осындай шаралар арқылы келіп тұрамыз – деді, Жереми Тернуа триосының бас музыканты Nicolas Mahieux.
Жереми Тернуа триосы қатысушылары Қарағандыдағы қабылдауға ризашылықтарын айтып, жақын арада жаңа студиялық альбом шығарып, Қазақстанда тағы бірнеше қалада өнер көрсететіндерін жеткізді. Бұл кеш – Қарағанды үшін заманауи джаздың жаңа бір парағын ашқан мәдени оқиға болып есте қалды.