Хабар

Жүктіліктің тоғыз айы. Аяғы ауыр әйелдер қандай медициналық көмектерді тегін алады?

Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер МӘМС жарнасын төлеуден босатылады, деп жазады informburo.kz.

Жүкті әйелдер МӘМС жүйесінде азаматтардың жеңілдікке ие санаты ретінде сақтандырылғандықтан, қымбат диагностикалық зерттеулер мен тегін медициналық көмектерді толық алуға құқылы. Информбюро Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтандағы филиалының баспасөз қызметімен бірге жүкті әйелдерге тегін берілетін көмек түрлерін түсіндіреді.

Жүкті әйел емханаға алғаш келгенде берілетін көмектер

Жүкті әйелдер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және МӘМС жүйесі бойынша медициналық қызмет алу үшін жүктіліктің он екі аптасына дейін өзі тіркелген емханаға медициналық есепке тұруға міндетті.

Аяғы ауыр әйел емханаға бірінші рет келген кезде акушер-гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігер немесе алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының учаскелік терапевті:

  • анамнезді жинайды, жүкті әйелде және туыстарында түрлі аурулардың (қант диабеті, артериялық гипертензия, туберкулез, психикалық бұзылулар, онкологиялық аурулар және т. б.) болу-болмауын, туа біткен даму кемістіктері және тұқым қуалайтын аурулары бар балалар туылуы туралы мәліметтерді анықтайды;
  • бала кезінде және ересек жаста болған ауруларға (соматикалық және гинекологиялық), операцияларға, қан мен оның компоненттерін құюға назар аударады;
  • анамнезді жинау кезінде генетик-дәрігерге жіберу үшін туа біткен және тұқым қуалайтын патология бойынша (ультрадыбыстық скринингсіз және аналық сарысу маркерлерін талдаусыз) мынадай айғақтарға сәйкес “қауіптілік” тобын анықтайды: жүкті әйелдің жасы 37-де және одан асса, анамнезінде генетикалық айғақтар бойынша жүктілікті үзу және/немесе ДПР немесе хромосомалық патологиясы бар баланың тууы, моногенді тұқым қуалайтын ауруға шалдыққан баланың тууы, хромосомалық немесе гендік мутацияның тұқым қуалауы, ауыр акушерлік анамнез (өлі туу, әдеттегі түсік түсіру және басқалар);
  • жүктіліктің бірінші үш айлығында аналық сарысу маркерлерін талдау үшін жүкті әйелдерді қан тапсыруға жібереді және жүктіліктің бірінші, екінші және үшінші айлығында ультрадыбыстық скрининг тағайындайды;
  • ұрпақты болу функциясының ерекшеліктерін зерделейді;
  • жұбайының денсаулық жағдайын, қан тобын және резус тиістілігін нақтылайды;
  • ерлі-зайыптылар жұмыс істейтін өндірістің сипатын, зиянды әдеттерді зерделейді;
  • уақытылы зерттеп-қарау үшін жүкті әйелдерді 12 аптаға дейін ерте есепке қоюды және жүктілік анықталған күні тіркеуді жүзеге асырады;
  • жүктілікте бала көтеруге қарсы көрсетілімдердің болуын анықтайды;
  • жүкті әйелдер тіркелімінен және ФЖӘ-дан алдыңғы жүктіліктің барысы және бұрын анықталған соматикалық аурулар туралы ақпарат алу мүмкіндігін пайдаланады;
  • анықталған факторларды ескере отырып, жүктілік өтуінің алдын ала жоспарын жасайды.

Тексеру нәтижелерін алғаннан кейін:

  • қауіп факторларын ескере отырып, жүкті әйелдің қандай да бір топқа жататындығы айқындалады.
  • тәуекел факторларын ескере отырып және ана мен ұрықты тексерудің қазіргі
  • заманғы технологияларын пайдалана отырып, жүкті әйелді қадағалаудың жеке жоспары жасалады.

Келесі құжаттар беріледі:

  • жүкті және босанған әйелдің жеке картасы дәрігердің бақылау жазбаларына арналған медициналық құжаттама;
  • жүкті әйелге алғаш барған кезде берілетін және бақылау орны мен басқа медициналық ұйымдарға ұсыну үшін жүктілік кезінде оның қолында болатын алмасу картасы.

БОСАНҒАНҒА ДЕЙІН ДӘРІГЕРГЕ ҚАРАЛУ

Жүкті әйел босанғанға дейін қалыпты жағдайда (физиологиялық) бақылау бағдарламасы бойынша 7 рет қаралуы тиіс:

Алғаш келген кезде әйел мына зерттеулерге жіберіледі:

  • жалпы қан және зәр талдауы;
  • дене салмағының индексі 25.0-ден жоғары болған кезде қандағы қант;
  • қан тобы және Rh факторы;
  • бак. зәрді талдау;
  • онкоцитологияға жағынды;
  • АИТВ-ға ИФТ және гепатит маркерлері;
  • Вассерман реакциясы;
  • биохимиялық генетикалық маркерлер.
  • бірінші УДЗ скринингі.
  • босануға дайындық мектебіне бару, отбасы өкілімен бірге маманға бару ұсынылады.

Екінші рет қаралу, әдетте, жүктіліктің 16-20 аптасында тағайындалады. Акушерлік тексеру, ақуызға зәр талдауы және екінші ультрадыбыстық скрининг жүргізіледі.

24-25 апта мерзімінде жүкті әйел зертханалық зерттеулерге жіберіледі (ақуызға зәр талдауы, қанның резус-теріс факторы бар антиденелер), алдын алу шараларын тағайындайды.

30-32 апта мерзімінде акушер-гинеколог жүкті әйел мен ұрықтың жалпы жағдайын бағалайды. Осы уақытта пациент Вассерман реакциясын, ЖИТС-ке ИФТ, ақуызға зәр талдауын және жалпы қан талдауын тапсырады. Осы кезеңде жүкті әйелге босанғанға дейінгі демалыс беріледі.

36-апта мерзімінде акушер-гинеколог жүкті әйелдің және ұрықтың жалпы жағдайын бағалайды. Босанудың болжамды мерзімі нақтыланады.

38-40 апта мерзімінде акушер-гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігер немесе алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының учаскелік терапевті де ықтимал асқынулардың алдын алу шараларын жүргізеді және қажет болған жағдайда жүктілік өту жоспарын түзетеді, артериялық қысымды өлшейді, сыртқы акушерлік тексеру жүргізеді, жатырдың биіктігін өлшейді, ақуызға зәр талдауына жібереді.

Жүктілікті бақылау кезінде жалпы тәжірибелік дәрігер немесе алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығының учаскелік терапевті және учаскелік акушер жүкті әйелге үйде патронаж жүргізеді.

Жүктіліктің өтуі асқынған жағдайда келушілер саны мен клиникалық-диагностикалық зерттеулерді шектеусіз жүргізудің жеке жоспары жасалады.

Егер пациент кез келген скринингтен өтуге тағайындалған күннен кейін үш күн ішінде емханаға келмеген жағдайда, оны үйде тонометр, термометр және стетоскопы бар акушер немесе мейіргер патронажға алады.

“Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы” Заңның 26-бабына сәйкес, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер жарна төлеуден босатылған. Есепке қойылғаннан кейін жүкті әйелдерге жеңілдік мәртебесі беріледі.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button