Хабар

Қазақстанда кішкентай баласы бар жұмыс істейтін әйелдің қандай құқықтары бар?

Әйел — отбасының ұйытқысы. Әйел адамның мойнында үлкен жауапкершілік бар. Ол отбасы мүшелеріне қамқорлық көрсетуге, үйді жайлы етуге және бала тәрбиесі мен денсаулығына аса мән беруге тырысады. Түрлі жағдайларға байланысты баласы әлі кішкентай болса да, жұмыс істейтін әйелдер көп. Алайда олардың көпшілігі өздерінің құқықтарын біле бермейді. Ендеше, Қазақстанда балалары бар жұмыс істейтін әйелдердің қандай құқықтары бар?

Жұмыс беруші әйелді мына жағдайларда өз бастамасымен жұмыстан шығара алмайды:

– жүкті әйел;
– 3 жасқа дейінгі баласы бар әйел;
– 14 жасқа дейінгі балаларды немесе 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана;

Жұмыс беруші түнгі уақыттағы және вахталық әдіспен орындалатын жұмысқа әйелдерді мына жағдайда жібере алмайды:

– жүкті әйел;
– 7 жасқа дейінгі балалары бар әйел;
– сырқаттанған отбасы мүшелерінің күтімін немесе мүгедек баланы тәрбиелеп отырған әйел.

Бұл жағдайларда жұмыс беруші әйел жазбаша келісім бергенде ғана оны түнгі жұмысқа жібереді.

Бір жарым жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге және бір жарым жасқа дейінгі балаларды анасыз тәрбиелеп отырған әкелерге, демалыс және тамақтануға берілетін үзілістен басқа, баланы тамақтандыру үшін әрбір үш сағаттан кем емес уақытта мынадай ұзақтықтарда қосымша үзілістер берілетіндігін көбі біле бермейді:

1) бір баласы бар адамдарға — әрбір үзілісте отыз минуттан кем емес;

2) бір немесе одан көп балалары бар адамдарға — әрбір үзілісте бір сағаттан кем емес.

Баланы тамақтандыру үшін үзілістер қызметкердің өтініші бойынша демалыс және тамақтануға берілетін үзіліске қосылады немесе жиналған үзілістер жұмыс күнінің басында немесе жұмыс күнінің (ауысымның) аяғында беріледі. 

Жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың бірінің, сондай-ақ сырқаттанған отбасы мүшесін күтетін қызметкердің өтініші бойынша, медициналық қорытындыға сәйкес, жұмыс беруші толық емес жұмыс режимін ұсына алады.

Сондай-ақ, балаңыз ауырып қалса, ауруханадан бала күтіміне байланысты еңбекке жарамсыздық парағын аштыра аласыз.

А. Жапатова

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button