Хабар

Туды қорлағандарға тыйым бола ма?

Соңғы 3-4 күннен бері әлеуметтік желіде Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болған концерттің айналасында туындаған дау да, ашу да, халықтың талабы да толастар емес. Қоғамның қызу талқысына түсіп, ел алдында жүрген кей азаматтардың ызасын туғызғаны – «Ирина Кайратовна» деген топ пен «Шиза» дейтін «әншінің» сахна төрінде Туды умаждап тұрғаны, онысымен қоймай сахнада тұрып тексіздігін көрсеткені еді.

Санаулы күннен кейін Рәміздер күнін атап өтеміз. Ал кешегі келеңсіздік жыл сайын мемлекеттік тұрғыдан ерекше мән беріліп өткізілетін осы күннің мәнін, идеологиялық маңызын жастарымыздың санасына сіңіре алмағанымызды көр­сетпей ме?

Ертесі күні ел алдына шығып, кешірім сұрапты әлгілердің бірі. Алайда ұлттың ары мен ұятын аяққа таптау кешірім сұрап құтылып кететін оңай іс емес. Өйткені Тудың қорланғаны кешірілетін іс емес. Сахна төріне шығып аузына келгендерін айтқандар тек ескертуімен құтылса, мұн­дай жағдай қайталана беруі әбден мүмкін. Туды мазақ еткендер тұтастай елді мазақ еткенін түсінулері қажет. Ал қалың жұрт желіккен жас­тарды ғана емес, осы концертке жауапты мемлекеттік сая­си лауазымды тұлғалар мен Алматы қаласының мәдени іс-шараларына жауапты шенеуніктерді де жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.

Сенатор Айгүл Қапбарова екі жыл бұрын әртіс­тердің сахнадағы жүріс-тұрысы, әдебі, мінез-құлқы, сахна төрінде әдеп­сіз сөз айту мен фонограмма қолдануын рет­тейтін заң қабылданғанын еске салып өтті.

Сенат депутаты айтып отырған заң «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады. «Маңызды құжатты қабылдау кезінде Мәдениет және спорт министрі түзетулер концерттік ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар мәселені реттейді деп сендірген еді. Алайда көріп отырғанымыздай, реттей алмады. Ендеше, қабылданған заң талаптарын қайта күшейту мәселесі туындап отыр. Заңның орындалуын қадағалайтын органдар Алматы қаласында болған концерт қоюшыларға қатаң шара қолдануы керек», деді ол.

Егер заң тілімен айтар болсақ, желіккен жастардың Туды мазақ еткені Қылмыстық кодекстің 372-бабы «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» бойынша сараланады. Ал бұл бап­тың санкциясы бойынша Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік рәміздерін қор­лағандар 2 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағат­қа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар­ға тартуға немесе 2 жылға дейiнгi мерзiм­ге бас бостандығын шектеуге, болмаса сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал көптің алдына шығып бейәдеп сөз айтқаны, этикаға қайшы қылықтар көр­сет­кені Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы «Ұсақ бұзақылыққа» жатады. Заң бо­йынша қоғамдық орындарда былапыт сөй­леген адамға 5 айлық есептiк көрсеткiш мөл­шерiнде айыппұл салынады немесе 10 тәу­лiкке әкiмшiлiк қамаққа алынады. Алайда әлеу­меттік желідегі пікірлерді оқып шыққанда түсін­геніміз – халық киелі сахнаның қадірін кетіргендерге қатаң шара қолдануды талап етіп отыр. Ол – ұлттық құндылығымызды таптап, сахнада боқауыз сөздер айтқан «Ирина Кайратовна» және «Шиза» есімімен танылған жастарды мүлде сахнаға жолатпау.

Негізі, биліктің басы-қасында жүрген­дер желіде желпінгендерді, тик-токта та­нылғандарды қабылдап, қолын аларда мұқият болғаны жөн. Себебі жылтырағанның бәрі алтын емес. Жастарымыздың мәңгүрт­теніп, санасының улануы, ұлттық дегра­дацияға ұшырауының бір тамыры осында жатыр. Әумесер әнші мен есерсоқ актерлердің бә­рін мемлекеттік деңгейде «марапаттайтын» болсақ, «тұлға» болудың жолы осы екен деп ұғынатын жастар да солар салып жүрген сорақылықтың жолын таңдайтыны ащы да болса ақиқат.

egemen.kz(https://egemen.kz/article/313488-tudy-qorlaghandargha-tyyym-bola-ma)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Проверьте также
Close
Back to top button