
Польшадағы Торунь қаласында ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған дәстүрлі Seni Cup – 2025 халықаралық футбол турнирі өтті. Байрақты бәсекеде Қарағанды облысын №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының «Arlan Karaganda» командасы таныстырып, жарыстың қорытындысы бойынша бесінші орынды иеленді.

Биылғы турнирге Польша, Германия, Чехия, Венгрия, Литва, Латвия, Эстония және Қазақстаннан келген 30 команда қатысты. Қазақстандық команданың құрамын Қарағандыдағы №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілері құрады.
Орталық директоры Аслан Мекентайдың айтуынша, команда бір күнде құрылған жоқ – футболшылар ұзақ уақыттан бері жаттығып, әртүрлі жарыстарда тәжірибе жинақтаған. Польшаға жолдама алу үшін олар алдымен Астана мен Алматы қалаларында өткен ұлттық іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен. Бұл – олардың алғашқы халықаралық жарысы емес: 2023 жылы да осы турнирге қатысып, екінші орынды иеленген болатын.
Биыл жарыс бәсекесі айтарлықтай жоғары деңгейде өтті. Қарағандылық спортшылар турнирдің іріктеу кезеңінде үздік 12 команда қатарына қосылып, финалдық кезеңге жолдама алды. Қарсыластары мықты болса да, «Arlan Karaganda» ойыншылары лайықты ойын көрсетіп, жалпы есепте бесінші орыннан көрінді. Барлық команда мүшелері естелік сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
– Балалар өз нәтижелеріне дән риза. Бұл турнир олар үшін жаңа тәжірибе ғана емес, шетелді көріп, өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берді. Егер футбол болмағанда, мұндай халықаралық сапарға шығу да арман болар еді, – деді орталық директоры Аслан Мекентай.




