
Тоқаев: «Жалқаулық пен масылдыққа жол береміз»
Президент Тоқаев: Әлеуметтік төлемдер жүйесін біріздендіріп, масылдыққа жол бермеу керек
Бүгінгі Жолдауында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік қолдаулар мен төлемдер жүйесін ретке келтіру қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, бүгінде әлеуметтік көмектің сан түрі пайда болған. Бұл – әлеуметтік саясаттың жүйесіздігі мен ретсіз шешімдерінің салдары. Осы жеңілдіктерді «жолға салып береміз» деген желеумен пайда тапқысы келетін алаяқтар да көбейіп кеткен.
“КСРО ыдырағанына 35 жыл өтсе де, сол кезеңдегі қақтығыстарға қатысқан адамдарға арнайы төлемдер мен медициналық көмек көрсетуді жалғастырып келеміз. Бірақ уақыт өте келе мұндай ардагерлер саны тіпті артып барады. Мемлекет өз міндетінен қашпайды. Алайда негізсіз әлеуметтік жеңілдіктер ел экономикасына салмақ салып, маңызды салалар – білім, денсаулық сақтау, көлік және инфрақұрылымға жұмсалуы тиіс қаржының ысырап болуына әкеледі”, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент «толық емес отбасы» түсінігіне байланысты жасалған әлеуметтік жеңілдіктер де теріс әсер еткенін атап өтті. Бұл ажырасу жағдайларының артуына себеп болған.
“Бүгінде Қазақстан ажырасу бойынша әлем елдерінің алдыңғы қатарына шықты. Бұл – әлеуметтік саясаттағы шалағай шешімдердің салдары. Осындай қадамдар халықты масылдыққа бейімдеп жіберді. Егер отбасының барлық мүшесі түрлі жәрдемақы алып отырса, онда еңбек етудің мәні қайда? Яғни, соңғы 15 жылда әлеуметтік саланы реттеу орнына, Үкімет керісінше әлеуметтік алаяқтық пен масылдыққа жол ашты”, – деп мәлімдеді ол.
Сөз соңында Президент демографиялық үрдістерді терең зерттеп, ұзақ мерзімді, жан-жақты шешімдер қабылдау керектігін ерекше атап өтті.



