
Тоқаев: Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында салық жүйесін реформалау қажеттігін айтып, мемлекетке төленген әрбір теңге ел игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда айтарлықтай ілгерілеу болғанын атап өтті. Алайда, оның пікірінше, әкімшілік кедергілер мен шектен тыс бюрократия әлі де бизнеске қолбайлау болып отыр.
«Цифрландырудың басты мақсаты – кәсіпкерлер мен азаматтарға қолайлы жағдай жасау. Бірақ ол әлі толық жүзеге аспады. Бұл мәселені дереу шешу керек», – деді Президент.
Ол салық саласын басқаруда цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта Мемлекеттік кірістер комитеті алдыңғы қатарда болуы тиіс.
«Басты мақсат – бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты сервистік, яғни қызмет көрсету моделіне көшіру», – деді Тоқаев.
Президент жаңа Салық кодексі жай ғана техникалық түзетулермен шектелмеуі керектігін ескертті. Оның айтуынша, бұл құжат салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа мәдениетін қалыптастыруы тиіс.
«Адал жұмыс істеген кәсіпкерлердің мүддесі қорғалады. Олардың төлемдері – ел дамуына жұмсалуы тиіс. Салықтан түскен әр теңге ел үшін пайдалы болуы қажет. Бұл – азаматтарға сапалы қызмет көрсету, инфрақұрылымды дамыту және нақты қолдау шараларын іске асыру дегенді білдіреді», – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Тоқаев даму институттарының жұмысын қайта қарау қажеттігін айтты. Оның пікірінше, бұл құрылымдар өз бағытын нақтылап, терең сараптама жүргізе алатын әрі инвестиция тартуға құзырлы ұйымға айналуы тиіс.
«Қазіргі даму институттарының жұмысында олқылықтар бар. Енді олардың қызметін шын мәнінде тиімді әрі мақсатты етуіміз керек», – деп түйіндеді Президент.


