Новости

Тоқаев Финляндия басшысымен кездесу өткізіп, келіссөздер жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия президенті Александр Стуббпен келіссөздер өткізді.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Стуббтың бұл сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететін маңызды оқиға екенін атап өтті.

– Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа және өзара түсіністікке негізделген берік қатынас орнаған. Екі ел арасында шешілмеген мәселе жоқ. Алайда инвестиция мен сауда салаларында әлі де мол мүмкіндіктер бар. Сіздің бастамамен өтіп жатқан бизнес-форум ерекше мәнге ие. Мен де осы шараға қатысамын. Бұл біздің кәсіпкерлерге өзара байланыстарды дамытуға жол ашады деп сенемін. Сонымен қатар гуманитарлық ынтымақтастыққа зор көңіл бөлеміз. Қазақстандықтар Финляндияның мәдениеті мен дәстүрін құрметтейді, көптеген отандасымыз сіздің еліңізге турист ретінде жиі барады. Сіздің сапарыңыз елдеріміз арасындағы серіктестікті одан әрі нығайта түсетініне сенімдімін, – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Александр Стубб Қазақстанға үшінші рет келіп отырғанын атап өтті.

– Алғаш рет 2008 жылы сыртқы істер министрі қызметін атқарып жүргенімде, сіз Сенат төрағасы болған кезде кездескен едік. Бұл жолғы сапарда екі негізгі бағытқа назар аудармақпыз. Біріншісі – екі ел арасындағы байланыстар мен іскерлік серіктестік. Бүгін Финляндиядан 20-дан астам ірі компания өкілдерінен тұратын үлкен делегация келді. Астана көшелерінен Isku және Honkarakenne сынды әйгілі фин брендтерін көргеніме қуаныштымын. Екінші бағыт – сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселелері. Көптеген халықаралық тақырыптарда ұстанымдарымыз ұқсас, сондықтан күрделі жаһандық проблемаларды бірлесіп шешуге ниеттіміз, – деді Финляндия президенті.

Статьи по теме

Back to top button