
Тоқаев бір палаталы парламент құру жөніндегі шешім тек жан-жақты және ашық қоғамдық талқылаудан кейін қабылданатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының алғашқы отырысында бір палаталы парламент құру туралы бастамаға қатысты пікірін білдірді.
Президенттің айтуынша, бұл ұсыныс — еліміздің саяси жүйесіндегі тың әрі маңызды қадам. Оның сөзіне қарағанда, бұл тақырып қоғамда кеңінен талқыланып жатыр: азаматтар түрлі пікір айтып, әлеуметтік желілерде белсенділік танытуда. Көпшілігі бұл өзгерісті уақытылы әрі орынды деп санайды. Тіпті кейбір азаматтар референдум өткізбей-ақ іске асыруға болатынын алға тартуда.
Алайда Мемлекет басшысы бұл мәселені жан-жақты қарастыру қажеттігін атап өтті.
– Парламенттік реформа – өте маңызды әрі күрделі процесс. Бұл жерде ешқандай асығыстыққа жол беруге болмайды. Себебі мұндай шешім ел болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан оны кеңінен талқылап, барлық тараптың пікірін ескеру қажет. Қазақстан әділетті мемлекет ретінде халықтың үнін ескеруді басты қағидат етіп ұстанады. Бұл – біздің мызғымас ұстанымымыз, – деді Президент.


