Новости

Тоқаев: Астанаға жаппай көшу себептерін зерттеп, басқа өңірлерді дамытудың нақты шараларын қолға алу қажет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ел астанасына жаппай көшу мәселесіне ерекше тоқталып, оның салдарлары мен себептеріне терең талдау жүргізу керектігін тапсырды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда еңбек нарығы мен көші-қонды басқаруға арналған орталықтандырылған есеп жүйесі жоқ. Бұл жағдай жоспарлау мен шешім қабылдау сапасына кері әсер етіп отыр.

«Ішкі және сыртқы көші-қон үдерісін бақылаусыз қалдыру – ірі қалаларға, әсіресе Астанаға, шектен тыс жүктеме түсіруде. Бұл жағдайдың нақты мысалы – елорда», – деді Тоқаев.

Президент атап өткендей, соңғы үш жылда Астананың тұрғындар саны 250 мың адамға, оның ішінде тек 2024 жылы – 100 мыңға артқан. Ресми түрде халық саны 1,5 миллион болғанымен, қала инфрақұрылымы күн сайын 1,9 миллион адамға қызмет көрсетуге мәжбүр.

«Іс жүзінде, Астана тағы бір орташа қаланың тұрғындарын қабылдағанмен тең. Алайда бұл өсім ешқандай жоспарсыз жүріп жатыр. Салдарынан сумен, жылумен жабдықтау жүйелеріне қауіп төніп отыр», – деді ол.

Тоқаев әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар санының күрт өсуі қалалық бюджеттің 60%-ын әлеуметтік шығындарға жұмсауға мәжбүрлеп отырғанын да тілге тиек етті. Соңғы жылдары Астанада:

  • 7 мыңға жуық пәтер берілді, оның ішінде:

    • 1380 – көпбалалы отбасыларға,

    • 835 – жетім балаларға,

    • 665 – ерекше қажеттілігі бар адамдарға.

Бірақ өңірлердегі жағдайды жақсартуға мән берілмегендіктен, халық елордаға үміт артып, жаппай көшіп жатыр.

«Кейбір облыс әкімдері бюджетті шын мәніндегі әлеуметтік проблемаларға емес, көзбояушылық жобаларға жұмсап отыр – мысалы, тротуарға тас төсеу. Ал халық өмір сүруге қолайлы, жеңілдіктер мен қызметтері бар Астанаға көшуді жөн көреді», – деді Президент.

Бұл үрдіс мектептер мен емханаларға шамадан тыс жүктеме түсіріп, инфрақұрылымның мүмкіндігін сарқып жатыр.

«Әкімдік жаңа әлеуметтік нысандар салудан гөрі, бар қажеттілікті өтеуге тырысып әлек. Бұл тығырықтан шығу үшін нақты әрі кешенді қадамдар қажет», – деп ескертті Тоқаев.

Мемлекет басшысы үкіметке астаналық көші-қонның себептерін терең зерттеуді және елдің басқа аймақтарында да өмір сүруге, жұмыс істеуге тартымды жағдай жасайтын жаңа әлеуметтік-экономикалық орталықтар құруды тапсырды.

Сонымен қатар, Тоқаев өңірлердің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру тетіктерін қайта қарап, «Жүргенге жөргем ілінеді» деген жаңа қағидатты енгізу қажеттігін айтты.

Back to top button