
Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллектті қолдануға қажетті жағдай жасау үшін Цифрлық кодекс дайындалып жатқанын мәлімдеді
Бүгін Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 халықаралық форумында Мемлекет басшысы жасанды интеллектті тиімді пайдалану үшін қажетті заңнамалық базаны қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Президенттің айтуынша, елімізде Цифрлық кодекс әзірленіп жатыр. Бұл құжатта экономиканы, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларын жан-жақты цифрландыру тетіктері қарастырылады.
– Ұлттық компаниялар мен отандық кәсіпорындар инновациялық шешімдерді батыл енгізуі тиіс. Себебі қазіргі озық технологиялар дәуірінде түбегейлі өзгерістерге дайын болу – басты шарт. Онсыз ілгерілеу мүмкін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жасанды интеллекттің пайдалы тұстарымен қатар, оның белгілі бір қатерлерді де алып келетінін ескертіп, бұл технологияны заңмен реттеудің өзектілігін айтты.
Оның сөзінше, Цифрлық кодексті қабылдау – өте маңызды және мұқият қарауды қажет ететін күрделі процесс. Осыған байланысты парламентте сарапшылар мен уәкілетті органдардың қатысуымен бірқатар тыңдаулар өткізілген. Нәтижесінде, бір апта бұрын Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдаған.
– Бұл – дер кезінде қабылданған заң. Халықаралық сарапшылар да бұл құжатты Қазақстанның тұрақты цифрлық экожүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам деп оң бағалауда, – деді Мемлекет басшысы.

