
Тіс емдеуге зейнетақы жинағын пайдалану мәселесіне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі нақты шешім қабылдады
Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге пайдалану мәселесіне қатысты нақты шешімін жариялады.
Министрлік 2021 жылғы 15 ақпандағы «Емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа түзетулер енгізуге дайындалып жатыр. Өзгерістер аясында тіс протездеу мен имплантация сияқты стоматологиялық қызметтерге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану мүмкіндігі алып тасталады.
Бұл шешім соңғы уақытта зейнетақы қаражатын мақсатсыз және алаяқтық жолмен пайдалану жағдайлары жиілеп кетуіне байланысты қабылданған. Құжат жобасында медициналық құжаттарды қолдан жасау арқылы қаражаттың бір бөлігі кейбір клиникалардың пайдасына заңсыз аударылғаны айтылған.
Осыған байланысты, 2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап банктер зейнетақы қаражаты есебінен стоматологиялық қызметтерге байланысты жаңа өтінімдерді қабылдауды тоқтатты.
Отбасы банкінің дерегіне сүйенсек, 2021 жылдан 2025 жылдың 20 тамызына дейін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы «стоматологиялық қызметтер» бағыты бойынша жалпы сомасы 757 млрд теңгені құрайтын 795 424 транзакция жасалған. Бұл қаражаттың 222 млрд теңгеден астамы елдің ірі қалаларындағы ТОП-20 стоматология клиникасына аударылған.
Аталған кезеңде банкке 29 797 өтінім түссе, соның 88,3 пайызы – яғни 26 312-сі тікелей стоматологиялық қызметтерге бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Отбасы банкі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты тіс емдеуге пайдалану үшін өтінім қабылдау уақытша тоқтатылатынын хабарлаған. Бұл шектеу 2025 жылдың 15 қыркүйегінен 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін күшінде болады.

