
Тимур Турлов пен Айдос Жұмағұлов мемлекет басшысына Freedom AI-ассистентін және қазақстандықтар үшін ChatGPT-тің толыққанды тегін нұсқасын таныстырды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Digital Bridge халықаралық форумы қарсаңында өткен цифрлық шешімдер көрмесінде Freedom Bank ұсынған жасанды интеллектке негізделген бірқатар инновациялық өнімдер таныстырылды. Мемлекет басшысы бұған дейін ел экономикасының барлық саласында цифрландыруды дамытуға қолдау білдіріп келгені белгілі.
Freedom Bank ұсынған жаңа шешімдер қатарында Android жүйесінде жұмыс істейтін, кәсіпкерлерге арналған Freedom Business мобильді қосымшасына енгізілген AI-ассистент бар. Жақын арада бұл қызмет iOS пайдаланушыларына да қолжетімді болады. iOS нұсқасының іске қосылуы туралы ақпарат банк сайты мен әлеуметтік желілерінде жарияланады.
Freedom Business қосымшасындағы дауыстық AI-ассистент арқылы кәсіпкерлер 49 түрлі банк операциясын орындауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, қолданба пайдаланушылары ChatGPT-нің толық мүмкіндіктерін тегін пайдалана алады. Бұл сервистер кәсіпкерлердің уақытын үнемдеуге, күнделікті операциялық жұмыстарды жеңілдетуге, мысалы салық төлеу, шоттар арасындағы аударымдар жасау, қызметкерлерге жалақы төлеу, айыппұлдар мен несиелік төлемдерді жүзеге асыру сияқты көптеген функцияларды дауыстық пәрмен арқылы орындауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектке негізделген бұл жүйе Тимур Турловтың дауысымен жұмыс істейді.
Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турловтың айтуынша, қазіргі заманда инновацияны жылдам енгізу табыстың басты кепіліне айналуда. Ол жасанды интеллект пен банктік технологияларды біріктіру – даму жолындағы ең тиімді шешім екенін атап өтті. Компания AI-first стратегиясын ұстанып, жасанды интеллект арқылы клиент сұраныстарын оңтайландыруға және бизнеске нақты көмек көрсетуге басымдық беріп отыр.
Көрменің тағы бір маңызды тұсы — Қазақстандағы барлық жеке кәсіпкерлерге ChatGPT-ге тегін қол жеткізу мүмкіндігін ұсыну болды. Енді Freedom Business қолданбасына кіретін кез келген кәсіпкер ChatGPT-нің кеңейтілген мүмкіндіктерін пайдалана алады. Бұл шағын және орта бизнеске (ШОБ) процестерді оңтайландыруға, ресурстарды үнемдеуге, стратегиялық шешімдер қабылдауға, бизнес болжамдар жасауға және түрлі модельдерді сынауға үлкен қолдау көрсетеді.
Болашақта мұндай жасанды интеллект қызметтері Freedom SuperApp экожүйесіне де біріктіріледі. Қазіргі уақытта жеке тұлғаларға арналған нұсқа жабық тестілеу режимінде жұмыс істеуде. Жаңа қызметтер арқылы клиенттер тек қаржылық операцияларды ғана емес, билет сатып алу, сақтандыру рәсімдеу, тауарларға тапсырыс беру сияқты қызметтерді де AI арқылы орындай алатын болады.
Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұловтың айтуынша, AI-ассистент пен тегін ChatGPT-нің енгізілуі — жасанды интеллект технологиялары Қазақстанда бизнесті қалай тиімді жүргізуге болатынын көрсететін нақты қадам. Бұл шешімдер кәсіпкерлерге күнделікті операциялардан арылып, дамуға және стратегиялық мақсаттарға көңіл бөлуге жол ашады. Болашақта мұндай технологиялар компаниялардың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторына айналмақ.



